Атырау облысындағы Мақат ауданының 100 жылдығы тойланды
Атырау облысындағы Мақат ауданының құрылғанына 100 жыл. Мұнай өнеркәсібінің орталығы болған ауданның ғасыр тойы жоғары деңгейде аталып өтті.
Қашаған кен орнын игеруші, Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы ауданның 100 жылдығын тойлауға демеушілік көрсетті. Бәйге, күрес секілді додалардың жеңімпаздарына қаржылай қолдау білдірді. Елімізге белгілі эстрада жұлдыздарын шақырып, мерекелік концерт өткізді.
Алаңдағы ақшаңқан киіз үйлер, тай, құнан жарыс, аламан бәйге, бозкілемдегі палуандар белдесуі – бәрі де ғасырлық мерейтойдың шырайын кіргізді. Атының бабын байқайын деген атбегілер еліміздің әр өңірінен жиналды. NCOC компаниясы тіккен аламан бәйгенің бас жүлдесі – автокөлікті қарағандылық Бақторы атты тұлпар қанжығасына байлады.
Жандос Мақсатұлы, жеңімпаз:
- Бұл жылдап дайындалып жүрген ат қой. Бұл – үшінші көлігі. Шабандоз – өзімнің туған бөлем. Қарағандыдан алып келдік.
Ауданның 100 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады.
Азамат Мәмбетов, Мақат ауданының әкімі:
- Батыс аймақтық айтыс өтті. 12 айтыскеріміз қатысты. Үлкен кең көлемде өтті. Кеше ғылыми конференция өтті. Осы барлық шараларға демеу көрсетіп отырған біздің NCOC компаниясына, басшылығына шексіз алғысымды білдіремін.
Солтүстік Каспий жобасының операторы ретінде NCOC компаниясы 2003 жылдан бері ауданындағы 17 инфрақұрылымдық жобаға 16 миллионға жуық доллар бөлді. Қазір 60 пәтерлі үй салып жатыр.
Сұңқар Құлжанов, NCOC компаниясының жергілікті мемлекеттік органдармен және қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері:
- NCOC компаниясы көптеген әлеуметтік инфрақұрылымдар, соның ішінде мектеп, балабақша, аураханалар сияқты әлеуметтік жобаларды жалғастырып келеді. Осы мерейтойды пайдаланып, NCOC компаниясының басшылығынан барлықтарыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, толағай табыс тілейміз. Мерейтой тағы да құтты болсын!
Мерейтой орталық алаңда жалғасты. Жергілікті эстрада жұлдыздары мен елімізге белгілі әншілердің қатысуымен гала-концерт өтті. Мерекелік іс-шара отшашумен аяқталды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов.