Казталов ауданында екі әлеуметтік нысан пайдалануға берілді
Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында екі бірдей әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.
Қайыңды ауылында жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашса, аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне тапсырылды. Енді аудан жастарының спортты серік қылып, өз қабілетін шыңдауына толық мүмкіндігі бар.
Қайыңдылықтар үшін бүгін - қуанышты күн. Ауылда 60 жыл бұрын салынған мәдениет үйі әбден ескірген еді. Тұрғындар жаңа ғимарат салу мәселесін әр кеңес сайын көтеретін. Ауыл халқының арманы орындалды. Ауданы 3600 шаршы метрлік 150 орындық жаңа мәдениет үйі бой көтерді.
Қадем Табылдиев, Қайыңды ауылының тұрғыны:
- Ауылымыз үшін жақсы қуаныш бұл жаңа үлгіде салынған мәдениет үйі. Себебі қазір болашақ ұрпаққа білім беру, тәрбие беру мәдениеттен, мәдениет үйінен басталады. Енді алдағы уақытта көптеген шаралар, жастар үшін әртүрлі үйірмелер ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар.
Ал Казталов ауылында ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бір мезгілде 320 бала спортпен айналыса алады. Кең әрі биік залда жастар командалық спорт түрімен шұғылданса, шағын залдарда бокс, кикбокс, дзюдо, күрес секілді жекпе-жек түрлерін меңгеруге мүмкіндік бар.
Айнара Ысқақ, оқушы:
- Волейболмен айналысам. Маған осы спорт кешені өте қатты ұнады. Ішінде өте үлкен мүмкіндіктерге жетеміз деп ойлаймыз.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі келешекте барлық ірі ауылдарда осындай кешендер салынатынын айтты.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі жалпы спортты дамытуға арналған тұжырымдамасы бар. Сол тұжырымдама аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Осыдан кейін Тасқала ауданында да осындай спорт кешені, оны да бірер жұмада іске қосатын боламыз.
Жаңа нысанды салуға 1 млрд 99 млн теңге жұмсалды. Құрылысты Қарашығанақ кенішін игеруші КПО компаниясы қаржыландырды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов