Казталов ауданында 12 отбасы баспаналы болды

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында 12 отбасы қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды 24kz.

Оның 8-і баспана кезегіне тіркелген қоғамның әлеуметтік әлжуаз топтарының өкілдері болса, 4 жанұя «Қаладан ауылға» бағдарламасымен қоныс аударғандар. Ал жалпы облыс бойынша биыл ауылдық елді мекендерде 758 тұрғын үй салынып тапсырылады.

Казталов ауданының 28 ауылында биыл 116 үй бой көтеріпті. Кезекте тұрғандарға баспана кілтін тапсырған облыс әкімі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету – Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін атап өтті. Бұл күні аудан орталығында 8 отбасы қоныс тойын тойлады.

Қуандық әлмурзин, Қазталов ауылының тұрғыны:

- 16 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Одан кезекке тұрып, биыл бұйырып жатыр баспана. Мемлекет басшысына көп-көп рахмет! Осындай бағдарлама жасап, үй салып беріп жатқанына.

Ал Жаңатаң және Көпкүтір ауылында 4 отбасы баспаналы болды. Ол жанұялар «Қаладан ауылға» бағдарламасымен қоныс аударғандар. 4 бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Еркін мен Әлия ауыл өмірінің артықшылығын айтады.

Әлия Сүндетова, Жаңатаң ауылының тұрғыны:

- Қалада тұрғанымызда біздің баспанамыз болған жоқ. Ешкімге өкпеміз жоқ, бірақ та қалада қазіргі таңда пәтер алу қиын. Қалада жолдасым екеуміз біріміз жұмыс жасаймыз. Мен бала бағумен үйде отырған едім. Қазіргі таңда жұмысқа шығу мүмкіндігіміз бар. Балаларымыз емін-еркін ойнайды далада.

Қаладан келген жанұялардың алдына жерлестері 2 сиыр, 15 жандық салып беріпті. Одан бөлек, жеңілдетілген несие, жұмысқа орналасуға жәрдем беріледі. Мақсат – шекара түбіндегі қаңырап қалған ауылдарды қайта түлету.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Аймақтық бағдарлама. Келесі жылы арнайы қаражат бөлейін деп жатырмыз. Көбірек үйлер салу керек. Қалада жұмысы жоқ немесе тұрғын үйі жоқ осылай қиналып жүрген азаматтар неге еліне келіп көтермеске деп, осыдан шыққан ой. Мемлекет басшысы ауылдарға барлық жағдайды жасаңдар деді. Жолды, суды, үйлерді салуға қазір жұмыстанып жатырмыз.

Бағдарламаның бастапқы жылы Казталов ауданына 16 отбасы қоныс аударады.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов