Маңғыстау облысында «Тауарлы несие» бағдарламасы жүзеге аса бастады

Жобаға қатысушы Алматы облысының кәсіпкері маңғыстаулықтарға арнап 20 бас түйе берді, деп хабарлайды 24kz.

Өңірге арнайы келіп Президент Жолдауында айтылған бағдарламаның тиімділігін түсіндірді. Тұрғындарды мал шаруашылығын дамытуға шақырды.

Айта кетейік, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов та осы өңірде жұмыс сапарымен жүр. Үкімет мүшесі жоба туралы жан-жақты айтып, «Ауыл аманаты» аясында атқарылған жұмыстармен танысты.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Сыдық Давлетов маңғыстаулықтарға 20 түйені «Тауарлы несие» ретінде тапсыру үшін Алматы облысынан арнайы келіпті. 5 мың түйе өсіріп отырған кәсіпкер «бұл жобаны ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндер үшін тамаша мүмкіндік», дейді.

Сыдық Дәулетов, фермер (Алматы облысы):

- 10 түйеден, 20 түйеден осы ауылдағы күн көрісі төмен адамдарға, екі қолына бір күрек таба алмай отырған адамдарға берсек деп ойлап отырмыз. Бұл бастаманы басқа да әріптестерім қолдайды деп ойлаймын.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:

- 60-70%-ке дейін Маңғыстау облысында кредит алып, сондай қиын жағдайда отырған азаматтар бар. «Ауыл аманатының» 2,5%-іне қатыса алмай қалуы мүмкін. Сондықтан соларға жағдай жасау үшін Президенттің берген тапсырмасының сәйкес «Тауарлы кредит» жобасын жан-жақты осы облыста жүргізу керек.

Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өңірге 1,2 млрд теңге бөлініп, 165 жоба жүзеге асты. Мәселен, Ақшұқыр тұрғыны 8,6 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, кондитерлік дәмхана тұрғызды. Сайын Шапағатов кәсіпкерлері 17 бас жылқы сатып алды. Ал «7 Lak» фермасы асыл тұқымды ешкі сүтінен ірімшік жасап, әлемдік байқауда жүлдегер атанды.  

Александра Григолова, «7 Lak» фермасының негізін қалаушы:

- Менің ойымша, бұл жоба ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға серпін береді. Өз кезегінде нарықты сапалы әрі жергілікті өніммен қамтамасыз етуге ықпал етері сөзсіз.

Бағдарламаның арқасында Маңғыстауда халықтың атаулы әлеуметтік көмек алу деңгейі 16%-ке, кедейшілік деңгейі 7%-ке азайғаны байқалады. Келер жылы жоба аясында 2 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев