Павлодарда 288 отбасы баспаналы болды
Павлодарда бір күнде 288 шаңырақ қоныстойын тойлап жатыр.
Көпбалалы отбасылар жетім және ана-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал тобына жататын қала тұрғындары баспаналы болды. Оларға жаңадан салынып жатқан «Достық» шағынауданындағы 9 қабатты үйден пәтер кілттері салтанатты жағдайда табыс етілді.
«Достық» шағынауданында көпқабатты 14 үй бой көтерді. 9 қабатты бұл үй пәтер кезегінде тұрғандарға берілді. 5 баланың анасы Айнагүл Валиулина көптен күткен баспанасына кірді.
Айнагүл Валиулина, қала тұрғыны:
- Бұл – менің ұзақ күткен қуанышым. 15 жыл пәтер кезегінде тұрып, көпбалалы ана ретінде баспаналы болып жатырмын.
Осыдан 20 жыл бұрын Моңғолиядан қоныс аударған Мағрипа Ханкөкейдің отбасында да қоныстой. 8 баланың анасы өңірге қолөнер шебері ретінде танымал.
Мағрипа Ханкөкей, қала тұрғыны:
- Пәтер жалдап тұрдық, енді, міне, бүгін баспанаға қолымыз жетіп, қатты қуанып тұрмын. Біз ата жұртқа оралғаннан кейін бос қарап жатпадық. Қазақстанның мәдениеті мен қолөнерін ары қарай дамытуға үлесімді қостым.
Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов салтанатты жағдайда 3, 2 және 1 бөлмелі 288 пәтердің кілтін табыс етті. Олардың кейбірі пәтер кезегін 20 жылға жуық күткен.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Өздеріңіз білетіндей, ақырғы 10 жылда кезек қатты жылжыған жоқ. Сол үшін сіздерден кешірім сұраймыз. Осы жыл мен былтырғы жылдан бастап жыл сайын мыңға жуық пәтер тапсырылып жатыр.
Павлодарда қазір 16 мыңдай адам пәтер кезегінде тұр. Жыл соңына дейін тағы 250 әлеуметтік баспананы тапсыру көзделген.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев.