Атырауда халықаралық жастар форумы басталды

Атырауда «Saraishyq upgrade» халықаралық жастар форумы басталды.

Мұнайлы өңірге Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан елдері мен Қазақстанның 8 өңірінен жастар жиналды. Облыс әкімдігі ұйымдастырған іс-шараға қатысушылар әр саланың білікті мамандарынан дәріс алады.

Екінші рет ұйымдастырылған халықаралық жастар форумы биыл 6 бағыт бойынша өтіп жатыр. Қатысушылар кинематография, музыка, маркетинг, театр, хореография және жасанды интеллект саласының білікті мамандарымен пікір алмасып, жобасын ұсына алады.

Светлана Альбикова, қатысушы:

- Былтыр қатысқаннан кейін үлкен нәтижелер көрдік. Қыздарымыз хореография бағытынан жақсы-жақсы нәтижелер алды.

Нұрсұлтан Мәуленұлы, қатысушы:

- Өзім жеке кәсіппен айналысамын. Қазіргі кәсіпкерлерге маркетинг саласын терең меңгеру керек.

Креативті индустрияны дамытуға ниетті жастардың үздік жобаларына қаржылай қолдау көрсетіледі.

Дәурен Сейітқалиев, ұйымдастырушы:

- Былтырғы келген қатысушылар олар өздерінің жетістіктеріне жетті. Биыл енді жаңадан келіп жатқан қатысушылар бар және қайтадан келіп қатысып жатқандар бар. Олар жаңадан жобалар алып келіп, осы жерде қорғайды. Сол жобалар, спикерлердің ұнатқан жобалары қаржылай түрде грантқа ие болады.

Жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға арналған іс-шара 2 күнге созылады. Халықаралық форумның ашылу салтанатына облыс әкімі арнайы келіп, жастарға сәттілік тіледі.

Серік Шәпкенов, облыс әкімі:

- «Асыл – тастан, ақыл – жастан», – дейді. Сондықтан да осы ортаға өздеріңіздің ой-пікірлеріңізді салып, ертеңгі қоғамның бір жақсы мәселелерін талқылайтын жақсы шешімдерді осы жерде табады деп және, әрине, Атырауға келгеннен кейін осы жердегі біздің жастармен бірге танысып, дос табады деген сенімдемін. Сіздерге сәттілік, шығармашылық табыс тілеймін.

Форумға 300 жас қатысып жатыр. Олардың біліктілігін арттыруда мұндай іс-шараның маңызы зор.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов.