ICPC 2024: сарапшылар қазақстандық IT-білім берудің болашағын талқылады

Білім беру саласындағы жетекші сарапшылар елдегі IT-білім берудің болашағын талқылады, деп хабарлайды 24KZ.

Шара ICPC бағдарламалау бойынша ауқымды халықаралық студенттік байқаудың аясында өтті. Дөңгелек үстелге Huawei компаниясының басшылары, байқау президенті және ҚБТУ басқарма төрағасы қатысты.

Huawei Қазақстанда алғаш рет 26 жыл бұрын пайда болды. Осы уақыт аралығында компания әртүрлі саладағы сенімді серіктеске айналды. Мәселен, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында елде 40 ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясын ашты.

Сю Хай, «Huawei Technologies Kazakhstan» басқармасының директоры:

- Бүгінгі таңда бағдарламаға 7 мыңнан астам студент қатысты. Оның ішінде мыңнан астам студент пен 70-тен аса оқытушы біздің сертификаттарымызды алды. Академия бағдарламасы студенттерге блокчейн, жасанды интеллект, деректерді беру туралы ең соңғы технологияларды үйренуге мүмкіндік береді.

Huawei талантты жастарды әлемге танытатын халықаралық ICPC бағдарламалау байқауының демеушілерінің бірі болып табылады. Бүгінде беделді чемпионаттың финалы елордада өтіп жатыр. Оған 100-ден аса елдің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысып жатыр.

Билл Паучер, ICPC президенті:

- Іріктеу 73 мың қатысушының арасында жүргізілді. Финалға өткен 141 команданың арасында Қазақстанның жетекші техникалық 5 жоғары оқу орнының командасы бар. Бұл – үлкен жетістік. Университеттер бұл жерде ICPC қауымдастығының ықпалды болуына айтарлықтай үлес қосты. Бүгінде Қазақстан цифрлық хабқа айналып отыр.

Қазақстанда ICPC байқауын өткізу елдегі IТ-индустрия мен білім беруді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Бұл сайыс инновациялар мен технологиялар орталығы ретінде әлемдік қоғамдастықтың назарын Қазақстанға аударып қана қоймай, жас мамандарды бағдарламалау саласындағы білімдерін тереңдетуге ынталандырады.

Авторлары: Әлішер Әли, Мұрат Әріпханов.