Елімізде ерте араласу жүйесін дамыту қажет – мамандар

Ерте араласу жүйесі мүгедектіктің алдын алады.

Яғни, дүниеге келген сәбидің дамуындағы қандай да бір өзгерістерді ерте анықтап, дер кезінде оңалту ем-шараларын жүргізу баланың бақытты болашағын қамтамасыз етеді. Бұл мәселе Алматыда өткен «Мүмкіндіктер уақыты – болашағы бар бала» атты I Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда қаралды. АҚШ, Ресей, Армения, Португалия елдерінен келген жетекші сарапшылар Алматыда бас қосып, елімізде ерте араласу жүйесін құру және дамыту мәселесін талқылады.

«Баланың дамуы кешеуілдеп жатқанын ата-анасы көбіне балабақшаға, мектепке барар кезде байқап, мән бере бастайды», - дейді сарапшылар. Тілі қатарластарынан кеш шығады, ортаға бейімделуі қиындайды. Ал кейде, сал ауруы немесе генетикалық ауытқу байқалса, тек медицинамен шектеледі. Мұндай жағдайда жүйелі ерте араласу маңызды.

Лариса Самарина, Санкт-Петербург ерте араласу институтының директоры (Ресей):

- Ерте араласудың тәсілі аздап басқаша. Медицинадан айырмашылығы –  ерте араласудың әртүрлі мақсаттары бар. Медицинада мақсат – емдеу. Ал, бала болашақта өз бетінше өмір сүре ала ма, өзіне өзі қызмет көрсете ала ма? Осының бәрі жүйелі ерте араласу бағдарламасында қамтылады. Яғни, ерте араласу медицинамен қатар бірге жүруі керек.

2022-2023 жылдары Үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен елімізде ерте араласу жүйесі пилоттық жоба ретінде қолға алынды. Сол тәжірибе негізінде Алматыда денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау қызметтері біріктірілген «Ерте араласу орталығы» құрылды.

Бауыржан Жаубасов, Алматы қ. жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Ерте араласу жүйесі негізінен баланың туғаннан бастап 3 жасқа дейін дамуын қадағалап, сол кезеңдегі балаға керекті реабилитациялық және басқа да арнайы қызметтерді көрсетіп, ең басты мақсат – баланы мүгедектікке жеткізбей, инклюзивті орта құрамыз деген басты мақсатымыз бар.

Қазір кезде, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылған Ерте араласу орталығына мамандар дайындау, жабдықтар алу жұмыстары жүруде. Ағымдағы жылдың соңына қарай дамуында ауытқуы бар балаларды қабылдау басталады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов