Алматыда «Менің жартым» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Қазақстандық кино қоры тағы бір жаңа фильммен толықты, деп хабарлайды 24kz.

Картина «Менің жартым» деп аталады. Фильм комедиялық жанрда түсірілген. Режиссері – Ақан Сатаев. Жабық көрсетілімі Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтті. Кино жаңадан отау құра салып қайта ажырасып жатқан отбасылар мәселесін қозғайды. Жастарға қандай қиын жағдай болсын, одан шығатын жол барын еске салады.

Үйлену оңай, үй болу қиын. Фильм бір-бірін сүйіп қосылған екі ғашық жайында. Кейін арадағы сезім суыды дегенді сылтауратады. Сөйтіп, ажырасуға шешім қабылдайды. Дүние-мүлікті бөлу үшін екеуіне бір шаңырақ астында тұруға тура келеді. Кино кейіпкерлері үшін нағыз сынақ осы кезде басталады.

Альмира Тұрсын, актриса:

- Көрермендерге келіңіз, көріңіз. Өз пікіріңізді білдіріңіз. Себебі, ол біз үшін маңызды. Менің ойымша, ол қажетті фильм. Қазір қаншама адамдар ажырасып жүр. Қаншама адамдар қиыншылықтар болады қарым-қатынаста, отбасында.

Қызығы, фильмде ешкімнің аты-жөні аталмайды. Картинадан кімді көргісі келетінін режиссер көрерменнің еншісіне қалдырған. Ақан Сатаевтың айтуынша, оқиға өмірден алынған. Яғни, дәл осындай жағдай Ақтөбе облысында тұратын ерлі-зайыптылардың басында болған. Картина соны мысалға келтіре отырып, жастарды отбасын сақтап қалуға шақырады.

Ақан Сатаев, режиссёр:

- Әр жанұя бір-біріне деген қарым-қатынасын бағалауы керек. Махаббаттарын бағалауы керек. Басты мақсатымызжастардың арасындағы сезімді бағалау.

Фильмге Дастен Шәкіров, Шәріп Серік, Азат Сейітмет, Гайдар Гильманов, Динара Юнусова сияқты тағы бірнеше актер түскен. Комедия бүгіннен бастап Kinopark & Kinoplexx кинотеатрларында көрсетіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев