Aport Mall West 15 жылдығын атап өтеді
Алматының батыс жағында орналасқан Aport Mall ойын-сауық орталығы ребрендинг жасады, деп хабарлайды 24kz.
Бұдан былай ол Aport Mall West деп аталады. Биыл елдегі ең ірі молл 15 жылдығын атап өтеді. Осыған орай орталыққа ребрендингпен қоса реновация жасалып жатыр. Бұған қоса сыртқы қасбеті жаңартылады.
15 жылдың ішінде Aport Mall West ойын-сауық сауда орталығына 130 млн адам келген. Компания 250-ден астам жалға алушыға орын ұсынып отыр. 100-ден астам әлемге танымал бренд дүкендерді осыннан табуға болады. Aport Mall West 5 мыңнан астам тұрғынға жұмыс берді. Мұнда келушілердің отбасымен сауда жасап, демалуына, балаларын ойнатуға жағдай жасалған.
Тимур Мұхамеджанов, Aport Mall басқарушы директоры:
- Осы жылдар ішінде көп шаруа атқардық. Қазір Aport Mall-дың екеуі де халықтың сүйікті демалыс орнына айналды. Бірі қаланың шығысында екіншісі біз тұрған батысында орналасқан. Молл мегаполис халқына ғана емес, оның маңындағы Алматы облысының тұрғындарына да қолайлы. Алматы агломерациясының өзіне 3,5 млн адам кіреді. Осыған қарап, бізге келетін халық саны мен сауда айналымын еспетей беріңіз.
Aport Mall бірінші кезекте халықтың талап-тілегін ескереді. Осыған байланысты жаңа бренд дүкендер мен фудкорт ашылады. Кинозал мен демалыс орны көбейеді.
Данил Дубинин, Aport Mall даму департаментінің директоры:
- Кинотеатрға қосымша 4 зал қосып жатырмыз. Аквапаркті жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ол жерде жаңа бассейндер, сырғанақтар, жаңа шоу бағдарламалар болады. Әсіресе, балаларға ерекше көңіл күй сыйлаймыз деген ойдамын.
Осы сенбі 21 қыркүйек күні Aport Mall West 15 жылдығын атап өтеді. Мерекелік шараға орай халыққа ерекше тосынсый ұсынып отыр. Сауда орталығының тұтынушыларының арасында пәтер ойнатылады. Оған қоса, миллион теңгеге шопинг жасауға сертификат беріледі. Бұдан басқа да сыйлықтар бар.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов