Павлодарда инновациялық шығармашылық орталығы ашылды
Павлодарда «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығы ашылды.
Оқушылардың шығармашылық және зияткерілк әлеуетін дамытатын мұндай мекеме «екінші Павлодар» шағын ауданында бұрын болмаған. Ата-аналар тарапынан жиі көтерілетін мәселе ақыры шешімін тапты. Заманауи үлгіде жабдықталған ғимаратта балалар 17 бағыт бойынша жұмыс істейтін үйірмелерге қатысады. Орталық аумағына сондай-ақ баскетбол және футбол алаңы салынды.
«Екінші Павлодар» шағын ауданында 18 мыңға жуық бала бар. Жергілікті билік қараусыз қалған колледж ғимаратын қайта қалпына келтіріп, балалардың игілігіне берді.
Саян Мұқанов, "Алтын сақа" инновациялық шығармашылық орталығы басшысының м.а:
- Біз жаңағы екі жарым мыңға дейін балаларды қамтимыз ба деген жоспарымыз бар. Ал бір мезетте біз 250 балаға дейін үйірмеде үйрете аламыз. Барлық бағыттар тегін болады.
Мұнда қолөнер студиясы, көркемсурет шеберханасы, қыш құмыра жасау үйірмесі, теле-фото және дыбыс жазу студиясы, театр өнері, хореография залы бар. Садақ ату, асық ойнау сынды ұлттық ойындарға баса мән берілген. Жас тілшілер клубы ашылды.
Еламан Қабділәшім, үйірме жетекшісі:
- Жоспар бойынша 12 баладан 4 топ құрап, 48 баланы журналистика әліппесіне үйретеміз.
Өңірде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен жұмыс істейтін орталықтар ашылып жатыр. Онда балалар шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытады.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
- Облыста үш орталық биыл ашылады. Оның біреуі міне бүгін ашылды. Кеше Ертіс ауданында ал енді екі аптадан кейін Екібастұз қаласында мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынып жатқан, құрылып жатқан жаңа шығармашылық «Самғау» атты орталығы оны біз мына қазан айының басында ашамыз деп көздеп отырмыз.
Жаңадан ашылған қосымша білім беру мекемесінің айналасы абаттандырылған. Екі бірдей спорт алаңы салынды. Ол осы екінші Павлодар шағын ауданының тұрғындары үшін де қызмет етеді.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев