Ақмола облысында егіннің жартысы жиналды

Соңғы аптада Ақмола облысында күн райы тұрақталып, егін орағы қыза түсті.

Өңір диқандары астықтың жартысын жинап үлгерді. Шамамен 3 млн тонна өнім қамбаға құйылды. Шаруалар жауын-шашынсыз күндерді пайдаланып қалуға барынша тырысып жатыр. Егіннің биылғы шығымы да жақсы-дейді мамандар. 

Бұл Бұланды ауданына қарасты «Журавлевка - 1» серіктестігінің егіс алқабы. Ұжым биыл 116 мың гектарға дәнді-дақыл екті. Қазір алқаптың 30 пайызы орылды. 100-ден астам заманауи комбайн таңнан кешке дейін тынбай жұмыс істеп жүр. 

Ерлан Тоқанов, "Журавлевка-1" серіктестігінің бас директоры:

- Қазіргі уақытта астықтың сапасы әр алқапта әртүрлі. Ол біріншіден ауа райы мен бидайдың сұрыпына байланысты болып отыр. Көбіне 3-4 класс. Егіннің шығымы жақсы. Гектарынан 30 центнерден алып жатырмыз. 

Ақкөлдік шаруаларда жұмыс қарқынын арттырған. Себебі күн райының қолайлы сәтін пайдаланып қалу қажет-дейді олар. 

Андрей Зенченко, "Еңбек" серіктестігінің агрономы:

- Біз таңертен шамамен сағат 10 кезінде жұмысқа кірісеміз. Өйткені таңғы шық техникаға кедергі келтіреді. Кешкі 8-ге дейін жұмыс істейміз. Соңғы күндері ауа райы тұрақталып, жақсы болып тұр. 

Ал жиналған өнім бірден қамбаға құйылады. Қазір аймақтағы астық қабылдау орындары тәулік бойы жұмыс істеп тұр. 

Кенеш Әлімжанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Шынымен бас кезінде элеваторларға қатысты бірқатар мәселелер болған. Қазір ол сұрақтың барлығы шешілді. 66 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Биыл Үкіметтен астықты кептіруге қосымша 22 мың тонна дизель отыны мен мың текше метр сұйытылған газ бөлінді. 

Жалпы биыл облыста 5 миллионнан астам алқапқа дән себілді. Астықтың орташа түсімі 13 центнерге жуықтайды. Ал орақ науқаны қазан айының басында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко