Аграрлық несие корпорациясы Қостанай облысы фермерлеріне қолдау көрсетті
Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін Қостанай облысының фермерлеріне қолдау көрсетті.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Фермерлер 5%-дық несие көп көмек болғанын айтады.
Аграрлық несие корпорациясының қаржылай қолдауын сезінгендердің қатарында «Нұр Тоба» шаруа қожалығы бар. Негізінен арпа, бидай сұлы егеді. Екі апта бұрын егін жинауға кірісті. Гектарынан 11 центнерден бидай алып жатыр.
Ермек Жұмабеков, "Нұр тоба" ЖШС директоры:
- Шаруаларға тиімді әрі қолжетімді шарттармен қолдау көрсететін жалғыз қаржы ұйымы деуге болады. Қазір үстемесі 5 пайыз болатын «Кең дала-2» бағдарламасы жүріп жатыр. Көңілден шығады. Егінімізді жинап болған соң 25-жылғы жоспарымызды қарап, құжат тапсырамыз. Егер мұндай бағдарламалар болмаса әрине қиналып қаламыз.
«Балталы Ltd» шаруа қожалығы да «Кең дала-2» бағдарламасының игілігін көрген. Олар жеңілдікпен берілген несиені пайдаланып, дән септі және түрлі ауру мен арамшөпке қарсы тыңайтқыш алды.
Василий Капистерницкий, "Балталы LTD" ЖШС агрономы:
- Егінге фунгицид сепкеніміз кәдімгідей нәтижесін берді. Екі қайтара сепкен жерлерде өнім өте жақсы болды. Қазір гектарынан орташа есеппен 12 центнерден алып жатырмыз.
«Байтерек» холдингінің еншілес ұйымы Аграрлық несие корпорациясы биыл еліміздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін 420 млрд теңгемен қаржыландырған. Оның 320 млрд теңгесі көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына бағытталды.
Талғат Жүнісов, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Қостанай облысындағы филиал директорының орынбасары:
- Корпорация биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің келесі көктемгі және күзгі жиын-терім науқанын уақытылы өткізулері үшін қолдау көрсетеді. Фермерлерді «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы жылдық 5% мөлшерлемемен қаржыландырады.
Жеңілдетілген қолдауды алуға кепілдігі жетпегендерге биыл алғаш рет «Даму» қоры көмек берді. Олардың кепілі жалпы соманың 85 процентіне тең. Корпорация өкілдерінің айтуынша, қаржыландыру жолдарын кеңіткелі қолдау шалғайдағы елдімекендерге дейін жетіп жатыр.
Талғатбек Әбдіқожа, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг