«Тұлпар» IV ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
Алматыда «Тұлпар» IV ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.
Байқау бірнеше жыл үзілістен кейін қайта қанат жайды. Салтанатты шараға отандық киноиндустрия мамандары қатысып, көрермен көңілінен шыққан картина авторларын құттықтады. Оқ бойы озық шыққан фильм Голливудтың «Оскар» сыйлығына ұсынылады.
Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында прокатқа шыққан отандық картиналардың үздігі анықталды. Қайта қанат жайған «Тұлпар» IV ұлттық сыйлығының қатысушылары бірнеше номинация бойынша іріктелген. Олар; «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік актер», «Үздік оператор», «Үздік суретші», «Үздік композитор».
Рашид Нугманов, Қазақстан ұлттық кино академиясының президенті:
- «Тұлпар» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын қазылар алқасы таңдамайды. Тамызда құрылған альянс мүшелері жасырын дауыс беру арқылы анықтайды. Кімнің жеңімпаз болғанын марапаттау салтанатына дейін құпия сақталады. Көрерменнің көңілінен шыққан картина шын жеңімпаз болады.
«Тұлпар» IV ұлттық сыйлығының Үздік актері Берік Айтжанов, Үздік актриса Лаура Мырзахметова, Үздік Композитор Әсел Омарова және Үздік режиссер Ержан Әділхан болды.
Ал басты жүлде Үздік фильм атағы Диас Фелд пен Елнұр Кәкімжанның «Бауырына салу» фильміне берілді.
Адай Әбелдинов, Қазақстан киногерлер одағының төрағасы:
- Бірнеше номинация бар, сол номинаициялардың ішінен ең үздік филльмді таңдап аламыз. Ол фильм таңдалған фильм, Үздік фильм біздің киногерлер одағының жанынан құрылған Оскар комитетіне ұсынылып, сол фильмді іріктеу арқылы болашақта осы жылы күзде америкалық кино академия оскардың сыйлығына ұсынылатын болады.
Бұл «Киногерлер одағы», «Киногерлер лигасы» және «Ұлттық киноакадемиясы» альянсының ортақ жобасы. «Тұлпар» IV ұлттық сыйлығы енді дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Аталған байқауға прокатқа шыққан, көрерменнің ықыласына бөленген толық метражды фильмдер қатысады.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев