Семейде қала күні үш күн тойланды
Семейде қала күні үш күн қатарынан тойланды.
Биылғы мерекелік шаралар жылдағыдан ауқымды, өзгеше. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындарының назарына 60- қа тарта бағдарлама ұсынылды. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке 40 мыңнан аса адам жиналды.
Қала күні мерекесіне орай өңірде түрлі салада үздік қызмет еткен мамандарға құрмет көрсетілді. Оларға қала әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, 80-90 жылдардағы әндер орындалған «Retro Fest» фестивалі өтті. Орталық саябақта балалар арасында фестиваль ұйымдастырылып, заманауи би, жастар музыкалық топтарының өнері мен стендтік шоу қалалықтардың көңілін көтерді.
Жаңылай Окумышева, қала тұрғыны:
- Өте жақсы, өте көңіл күйде халық. Қаламыз күннен күнге көркейіп келеді облысты алғаннан кейін. Абай атамыздың аты берілгеніне біз өте қуаныштымыз. Достық, ынтымақ тілеймін.
Жалпы Семей қаласында 317 мыңнан астам адам тұрады. Қала әкімі шаһарды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту басты назарда екенін айтты.
Нұрбол Нұрсағатов, Семей қаласының әкімі:
- Кеше таңертең жастар орталығын аштық. Екі жылдың ішінде 100 ден астам километр жол жасалды. Аулаларға жұмысты бастадық, 300 дей үйді қамтитын 120 ауланың жұмысы бітті. Ары қарай да бұл жұмыстар жалғасатын болады.
Биылғы мерекені сәнді еткен қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойы болды. Әнші туған жеріне келіп жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді. Үш күнге созылған мерекелік іс-шаралар Орталық алаңдағы ашық аспан астында өткен «Open Air» концертімен аяқталды. Концертте танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, семейліктер мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ғазизхан Шекербеков, ҚР эстрада әншісі:
- Семейдің халқы қазақи сөзге тоқтаған. Абай атамыздың елі болғаннан кейін бұл жаққа енді бөлек көңіл-күймен келемін өзім.
Үш күнге созылған қала күні отандық эстрада жұлдыздарының гала-концертімен түйінделді. Open air форматындағы кеш мерекелік от шашумен аяқталды.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов