Семейде KAZ Minerals компаниясы салған жаңа мектеп пайдалануға берілді
Семейде жаңа №50 жалпы орта білім беретін IT мектеп-лицейінің ашылу салтанаты өтті.
Білім ордасы 1200 балаға есептелген. Мектепті өңірдегі KAZ Minerals компаниясы салды. Нысанның құрылысына 9 млрд-тан астам қаржы жұмсалыпты. Жаңа мектепте 48 оқу кабинеті бар.
Заря шағынауданындағы мектептің ашылу салтанатына KAZ Minerals компаниясының өкілдері, облыс басшылығы мен қала тұрғындары қатысты. Сәулеті мен келбеті келіскен білім ордасында 1400-ден астам оқушы екі ауысымда білім алады.
Ермек Дюзкенев, KAZ Minerals компаниясының өкілі:
- Қазаншұңқырдан бастап, толықтай дайын күйіне дейін тапсырып беріп отыр. Бұл жобаны іске асыруға бір жылдай уақыт кетті. Негізінен мұндай жобаларды ұзақ уақыт салады әдетте. Оқушыларға қауіпсіз жайлы мектеп болады деп ойлаймыз.
Жаңа мектепте заманауи жабдықтармен жасақталған робототехника кабинеті, графика және модельдеу сыныбы мен токарлық-слесарлық шеберхана бар. 420 орындық асхана жұмыс істейді. Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы орта қалыптастыру үшін пандустар мен лифт қарастырылған.
Ақсұңқар Ахметова, ата-ана:
- Өте қуаныштымыз, балаларға сәттілік тілеймін. Дарынды, білімді әрі білікті маман болып, ертеңгі күні осы Қазақстанымыздың жақсы азаматтары болады деп мен сенемін.
Мадина Нұртазина, 4-сынып оқушысы:
- Мектеп өте әдемі, кең. Робототехника кабинеттері бар. Маған барлығы қызықты болды. Бұл мектепте біз заманауи білім алып, цифрлық сауаттылығымызды дамытамыз.
Білім ордасында оқушылар шығармашылықпен айналысу үшін нетворкинг алаңы салынған. Аумақта футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар. Жаңа мектепте 100-ден астам ұстаз жұмыс істейді.
Нартай Шолтықов, мектеп директоры:
- Қала күні қарсаңында үлкен сыйлық жасап жатқан KAZ Minerals компаниясына рақмет айтқымыз келеді. Себебі қаламыздың ортасында осындай керемет мектеп салып беріп отыр. Мектепті өздерінің қаражатына салып қана қоймай, ішін толықтай қамдап беріп отыр.
№50 жалпы орта білім беретін IT мектеп-лицейі оқушыларға есігін айқара ашты. Енді өңірде 1400-ден астам бала IT саласы мен робототехника бағытында сапалы білім алады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.