«ҚазМұнайГаз» технологиялық жетістіктерін таныстырды

Инновациялық цифрлық жүйе, өндірісті онлайн бақылау және жасанды интеллекті тиімді пайдалану. Бүгін KIOGE халықаралық мұнай өндіруші компаниялар көрмесінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өз жетістіктерін көрсетті, деп хабарлайды 24kz.

Олардың арасында «Абай», «Тұмар» сынды озық өнертабыстар бар. Алматыда өтіп жатқан технологиялық жиынға 25 елден 700-ден астам мұнай-газ өндіруші компания қатысты.

KIOGE көрмесінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнай мен газ өндіру саласындағы озық технологияларын таныстырды. Цифрлық технологиялар ұлттық компанияның өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарында игеріліп жатыр. Соның бірі – диспечерлік және талдау орталығы. Ол мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және өңдеу процестеріне мониторинг жасап, талдауға мүмкіндік береді. Компанияның басқа да жобалары бар.

Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Полиэтилен жобасының құрылысын бастадық. Ол өңдеу саласындағы ең ірі қазіргі таңдағы жоба, құны 7 млрд доллардан асады. Ең басты мақсат – біз жұмысты бастамай жатып техникалық спецификацияларды, қандай қондырғылар болады солардың бәрін өзіміздің өндірушілермен талқылап жатырмыз.

Халықаралық көрмеге еліміздің Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев және Біріккен Араб Әмірлігінің өкілі Сухейль Әль-Мазруи қатысты. Олар да «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының озық технологияларымен танысты. Басқарма басшысы Асхат Хасеновтың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы автоматтандыру, өндірістік қауіпсіздік саласында жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Рахым Утеев, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директоры:

- «Абай» ақпараттық жүйесі дегеніміз – «Қазмұнайгаздың» бүкіл кен орындарының әр ұңғымадан шығып жатқан мағлұматтарды бір базаға жинап, сол базаның арқасында жергілікті инженерлерге, эксперттерге қандай шешім қабылдау керек жөнінде соған үлкен көмек жасайтын жүйе.

«ҚМГ Инжиниринг» компаниясының бір өнертабысы – «Тұмар» жүйесі. Ол өндірістік процестерді қауіпті аймақтарды автоматты түрде анықтай алады. Сол арқылы өндірістегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің алдын алуға арналған бағдарламалық кешенді құрады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев