Жамбыл облысында «Бекет-2024» оқу-жаттығуы өтті

«Бекет-2024» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығуы Жамбыл облысында жалғасуда, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті атқарушы орган мен күштік құрылым өкілдері бүгін әскери жаттығуды стратегиялық нысанда өткізді. Аумақтық қорғаныс бригадасы химиялық зауытқа жасалған шабуылды тоқтатты.

Атылған автомат, жарылған граната. Осылайша, бір сәтте жаңа фосфор зауытының алды атыс алаңына айналды. Суық қаруланған лаңкестер стратегиялық нысанға басып кіруге тырысты. Бұл бүгінгі оқу-жаттығудың сценарий болатын. Әскери қызметкерлер кәсіпорынға кіреберісте блок-пост орнатып, шабуылға тойтарыс берді. Сол сәтте полиция департаментінің арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімшесі көмекке келді. Осылайша, Жамбыл облысының аумақтық қорғаныс бригадасы өз міндетін абыроймен орындады.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Ал заманауи әскери техника мен қару-жарақты жоғары деңгейде меңгерген әскери қызметші еліміздің қарулы күштерінің қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі кепілі.

Оқу-жаттығуға 200-ге жуық жергілікті атқарушы орган мен күштік құрылым өкілдері, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер қатысты. Сценарий бойынша террористер жарылғыш толы көлікпен зауытты жарып жібермек болады. Бірақ арнайы жасақ оларды тұтқындап, роботтың көмегімен бомбаны залалсыздандырды. «Мұндай жаттығулар әскерилердің бабында болуына мол әсерін тигізеді», - дейді штаб бастығы.

Бақытжан Әшімов, 99205 әскери бөлімінің штаб бастығы:

- Жұмылдырылатын жеке құрамдар қазіргі таңда олар бейбіт халық. Солардың арасынан жұмылдырылып , әскери дайындықтан өткізіліп, біздің бригадаға берілген 160 обьекті боалтын болса, сол нысандардың кезек-кезекпе әрқайсысында осындай жаттығулар өткізіп отырамыз.

«Бекет-2024» ведомствоаралық оқ-жаттығуы Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Аталған әскери жаттығу Жамбыл облысының аумағында 27 қыркүйекке дейін жалғасады.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә