Бесқарағайда жаңа саябақ пайдалануға берілді

Абай облысынан жағымды жаңалық жетті. Өңірдегі Бесқарағай ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа саябақ ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Кешеннің ішінде жастар спортпен шұғылдану үшін арнайы алаңқайлар салынған. Заманауи үлгіде салынған нысан бүгін халық игілігіне берілді.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Бесқарағайдың бұл бөлігі бұрын қараусыз жататын. Ендігі көрініс осы. «Бұл – сыйлықтың төресі болды», - дейді аудан тұрғындары.

Зүлфия Айтышева, Бесқарағай ауданының тұрғыны:

- Өте қуаныштымыз осы жерден бізге саябақ ашқандарына. Акция бойынша «Таза Қазақстан» жобасы бойынша екен. Өте қуаныштымыз, біздің халқымыз енді осында келіп демалады. Өте көркем жер. Мен бүгін бала-шағаммен, немерелеріммен келдім.

Аяна Салықова, Бесқарағай ауданының тұрғыны:

- Мен мұнда құрбыммен келдім. Маған бұл жер қатты ұнады. Бірінші рет келіп тұрмын. Мұнда шахмат ойнайтын үстелдер бар. Әткеншектер бар. Парк өте күшті

Бесқарағайдағы саябақтың құрылысына 67 млн теңге бөлініпті. Жер телімі бұған дейін Құмар Мұқышевқа тиесілі болған. Ауданға белгілі кәсіпкер қараусыз тұрған жерді ел игілігіне беруді ұйғарыпты.

Құмар Мұқашев, кәсіпкер:

- Жастар демалатын алаң ашылғаны өте қуанышты. Бұл – үлкен бақыт. Келешек жастарға, бүкіл елге. Елім аман болсын. Менің өзі туған жерім осы Бесқарағай.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғалы акцияға 100 мыңнан астам адам қатысып, 55 мың тонна қоқыс шығарылған. «Таза Қазақстан» саябағы халықтың игілігіне берілді. Ашылу салтанаты мерекелік концертпен түйінделді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов