Қызылордада ерен еңбек иегерлері марапатталды

Қызылордада еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың ұзақмерзімді атласы жасалады.

Бұл туралы «Адал азамат – адал еңбек» атты салтанатты шарада айтылды. Еңбек күніне орай түрлі салада адал қызметімен еленген қарапайым жұмысшыларға сый-құрмет жасалды.  

Қызылорда облысында еңбек нарығына қажетті мамандықтардың ұзақмерзімді болжамы жасалады. Мамандықтар атласын әзірлеу үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 20 қызметкері арнайы оқудан өтті. Бұл туралы аймақ басшысы Еңбек күніне арналған мерекелік шарада тілге тиек етті.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Ел Президентінің 2025 жылы 9-сыныпты бітірушілердің жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті жастарды 100% тегін кәсіптік біліммен қамту тапсырмасына орай келесі жылы бюджет есебінен 5308 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр.

Шара барысында түрлі салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп жүрген жұмысшылар облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Сонымен қатар қаржылай сертификат пен шипажайға жолдамалар тапсырылды. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, кен өндіру, коммуналдық шаруашылық секілді салалардың майталмандары бар.

Сейітжан Әбжанұлы, жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісі:

- Шиелі ауданында 42 жылдан бері жедел жәрдем көлігін жүргіземін. Өзіміздің қызметімізді адал атқаруға тырысамыз. Еңбек еткен адам еш уақытта далада қалмайды. Еленеді еңбегі бәрібір. 

Төлеу Жабағиев, механизатор:

- Механизатор ретінде 45 жыл еңбек өтіліміз бар. Еңбеккерлерді марапаттап, құрметтеп тұрса, жігерленіп, олар да алға қарай ұмтылады ғой жұмыста. Балалар да қазір біз сияқты жұмыс істесе, жақсы болады ғой бәрі де.

Мерекелік шара өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.