Егіндікөл ауданында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады

Ақмола облысында 38 амбулаториялық емхана салынып жатыр.

Медицианалық нысандардың құрылысына қазынадан 10 млрд теңге бөлінді. Әсіресе халық көп шоғырланған шалғай елді мекендерге ерекше екпін беріліп отыр. Қазір бірқатар нысанның құрылысы аяқталуға жақын.

Егіндікөл ауданы қарасты Бауман ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы жылдың мамыр айында басталған. Оған жергілікті қазынадан 246 миллион теңге бөлініп отыр. Қазір медициналық нысандағы құрылыс жұмыстары 95% аяқталды. Жақын арада пайдалануға беріледі.

Әділби Мұхамеджанов, мердігер ұйымның бас директоры:

- Абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал келер апта қажетті қондырғыларды әкеліп орнатамыз.

Жаңа емдеу мекемесі Бауман және Қоржынкөл ауылдарының 800-ге жуық тұрғынына медициналық көмек көрсетеді. Фельдшерлік пунт қажетті қондырғылармен толықтай жарақталады.

Әнуар Құлахметов, Бауман ауылдық округінің әкімі:

- Ішінде 3 адам жұмыс істейді. Фельдшер, акушер және медбике. Күніне 40 адамға дейін қызмет көрсетеді.

Ал ауылдағы қазіргі медициналық мекеменің әбден тозығы жеткен. Сондықтан тұрғындар жаңа нысанның ашылуын асыға күтіп жүр.

Алмагүл Енсебаева, Бауман ауылының тұрғыны:

- Жаңа ғимарат салынса, өте жақсы болады. Неліктен? Себебі қазір медициналық көмек үшін кісілер Егіндікөл мен Атбасарға барады. Бару үшін көлік жалдайды. Енді осы ФАП-тың ішінде бәрі болады деді ғой. «Медицина қызметкерлерінде реанимобиль, компьютер кабинеті болады», – деді. Енді бәрі жақсы болады деп ойлап отырмыз.

Қазір өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы 38 нысан салынып жатыр. Нәтижесінде 43 мыңнан астам ақмолалықтар сапалы алғашқы медициналық көмекке қол жеткізеді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.