Қызылордадағы коммуналдық мекемелерге 52 жаңа техника берілді
Еңбек күні қарсаңында Қызылордада коммуналдық қызмет мекемелерінің автопаркі жаңарды.
Салаға қажетті 52 техника облыстық бюджет қаржысына сатып алынған. Су жаңа темір тұлпарлардың кілтін тапсыру рәсіміне облыс әкімі мен Парламент депутаттары да қатысты.
Қызылордада коммуналдық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға соңғы уақытта ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл техникалар қаланың күнделікті тыныс-тіршігі үшін маңызды. Жаңа көліктер жүк тиеу, зат тасу, жер қазу, көше сыпыру секілді жұмыстарға арналған.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Облыстық бюджеттен бөлінген, 2 миллиард теңгеге сатып алынған «Су жүйесі» мекемесіне 5, «Жасыл Қызылорда» мекемесіне 23, «Қызылорда тазалығы» мекемесіне 24 жаңа арнайы техникалардың кілті табысталады. Біз үшін облыс халқының қолайлы ортада өмір сүріп, сапалы қызмет алуын жақсарту өте маңызды.
Жаңа техникалар «Су жүйесі», «Жасыл Қызылорда» және «Қызылорда тазалығы» мекемелеріне тапсырылды. «Автопарктің жаңаруы қаладағы коммуналдық қызметтің сапалы атқарылуымен қатар қарапайым жұмысшылардың қол еңбегін жеңілдетеді», – дейді мамандар.
Асылбек Сапарғалиев, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің директоры:
- 2022, 2023, 2024 жылы биыл қаламызға жаңадан техникалар алынды. Көше сыпыру, көшелерге су себу, қаншама қоқысқа, қаламыздың тазалығына өте қажетті техникалар алынып жатыр қазіргі таңда.
Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:
- Кейбір талдарды көшіретін кейс техникалары және аяқсуды қамтамасыз ететін арнайы техникалар алынып, қазіргі таңда халықтың жағдайын жасауға бейімделіп, жұмыс жүргізіліп жатыр.
Еңбек күніне орайластырылған шара барасында адал еңбегімен еленген бірқатар жұмысшы марапатталды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.