Шымкентте керамогранит шығаратын ірі зауыт іске қосылды

Бұл – ел үшін маңызды инвестициялық жоба.

Өндіріс қуаты бастапқыда отандық нарықтағы қажеттіліктің үштен бірін жаба алады. Болашақта кәсіпорын Қазақстанды керамикалық плиткаларымен толық қамтамасыз етеді. Мамандардың айтуынша, бұл елдегі құрылыс құнын арзандатуға мүмкіндік береді.

Керамогранит өндіретін жаңа буынының ірі зауыты толық автоматтандырылған. Қызметкерлер тек техниканың үзіліссіз жұмыс істеуін компьютермен қадағалап отырады.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:

- Бүгінгі күн тарихи күн деп айтсақ болады. Себебі мұндай өндіріс Орталық Азияда жалпы ең үлкен өндіріс болып табылады. Бұл бірінше кезеңі тек қана. Әрі қарай қаламыз өркендеп өсе берсін, дами берсін.

«Жұлдыз» индустриялық аймағында зауыт небәрі 2 жыл ішінде салынды. Жоба өте ауқымды. Мұнда үлкендегі бір шақырымнан асатын пеш жасалды. Инвестициялық жобаны Қытайдан келген кәсіпкер Ху Цзяньго жүзеге асырды.

Ху Цзяньго, инвестор:

- Шымкент әкімдігінің инвесторлармен жұмысы жақсы жолға қойылған. Бізді осында шақырды. Бір жыл бойы бүкіл үдерісті жолға қойдық. ТМД бойынша біздің жобаларымыз өте көп. Яғни, тәжірибеміз де жетерлік.

Зауыт салықтық жеңілдіктерге ие болды, бұл оның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Бұған дейін керамикалық тақтайшаның көп бөлігі Қазақстанға басқа елдерден әкелінген.

Айта кету керек, бұл – ауыр тауар. Демек логистикалық шығындары көп, салдарынан құрылыс қымбаттайды. Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтың айтуынша, енді тауардың өзіндік құны төмендейді.

Біржан Әзімбердиев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Бұл жоба жылына 12,7 млн шаршы метрге керамикалық плитка өндірісін шығарады. Барлық шикізаттар осы Қазақстаннан алынады. Бұл жоба өзі – экспортқа бағдарланған жоба. Экспорт та жасайды.

Өндіріске арналған шикізат, кварц құмы Қызылорда облысынан жеткізіледі. Толық қуатына шыққанда өнім көлемін екі есеге арттыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.