Астанада «QazProperty Congress» халықаралық конгресі өтті

Астанада коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы мәселелер талқыланған «QazProperty Congress» алғашқы халықаралық конгресі өтті.

Пікірталас алаңында кәсіпкерлікке арналған нысандарды жобалау, құрылысын жүргізу және тиімді пайдаланудың озық тәсілдері таныстырылды. Шарада әлемдік сарапшылар іскерлік бағыттағы ғимараттардың инвестициялық тартымдылығын арттырудың инновациялық шешімдерін ұсынды.

Конгресте ең алдымен кәсіпкерлік нысандарды жаңғырту мәселесі қаралды. Сарапшылардың айтуынша, Астанадағы іскерлік бағыттағы ғимараттардың 70%-і техникалық тұрғыда тозып тұр. 2016 жылы құрылып, отандық жылжымайтын мүлік нарығының 40%-ін қамтып үлгерген «QAZPROPERTY» қауымдастығының төрағасы Константин Глушко құқықтық негіздемені жетілдіру мәселесін көтерді. Сондай-ақ салаға кәсіби мамандар шоғыры керек екендігін айтты.

Константин Глушко, «QAZPROPERTY» қауымдастығының төрағасы:

- Астанада 2,5 млн шаршы/метр бизнес және 1 млн шаршы/метр сауда орталықтары бар болса, соның 20% ғана кәсіби мамандар қызмет көрсетеді. Нысандарды пайдалану ережелері сақтала бермейді. Климат қатал болғандықтан, ғимарат құрылысына энергия үнемдегіш материалдар қолданылу қажет. Бұл қалаға көрік береді және шетелдік инвесторлардың да қызығушылығын тудырады. Кәсіби база қалыптаспай инвестиция ағыны болмайды.   

Конгресте инженерлік коммуникация жүргізу кезінде қордаланған мәселелерді де көлеңкеден шығару керектігі айтылды. Сонымен қатар шағын кәсіпкерлерге қолдау көрсететін 10 ірі инвестициялық қордың мүмкіндіктері таныстырылды.

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы:

- «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, өзара пікір алмасып, халықаралық трендтерді енгізу кәсіпкер алдындағы кедергілерді жоюға септігін тигізеді. Бұл бизнес өкілдеріне ғана тиімді емес, түйткілді тез тарқатудан мемлекеттің де ұтары көп. Конгресс Астананы дамыту жоспарын айқындап алуға және коммерциялық сектордың орналасуын реттеуге пайдасы өте зор алаң болып тұр.

Шара аясында жылжымайтын мүлік нарығын дамытуға үлес қосқан үздік мамандар марапатталды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Жандос Битабаров.