Алматы облысы World Innovation Award 2024 жүлдесін жеңіп алды
Алматы облысы «Сапалы білім» номинациясы бойынша 128 ел арасында World Innovation Award 2024 жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды 24KZ.
Оған соңғы жылдары атқарылған бірқатар жұмыс себепкер болған. Нақтырақ айтсақ, жалпы саны 18 мың орындық 19 мектеп салынды. Жеке қаражатпен тағы 5 мектеп бой көтерді. Нәтижесінде үш ауысымда оқитын мектептер саны 52-ден 39-ға дейін төмендеді. Бүгін Қарасай ауданында тағы бір білім беру мекемесі пайдалануға берілді.
Қарасай ауданындағы Долан ауылында бүгінге дейін бастауыш мектеп болған. Оқушылар 5-сыныптан көрші ауылдарға барып білім алатын. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 1200 орындық білім беру мекемесі ашылды. Бірден 998 оқушы қабылданып, сиясы кеппеген сыныпта сабағын жалғастырды. Екі тілде білім беретін мектепте 70 мұғалім сабақ береді.
Әсем Арғынғазина, Долан ауылдық мектебінің директоры:
- Баланың білім алуына барлық мүмкіндік пен жағдай толыққанды жасалған. Мектептің техникалық-материалдық базасы өте жоғары деңгейде. Сонымен қатар оқушыларға ғана емес, ұстаздар қауымына да сапалы, нәтижелі білім беруге үлкен мүмкіндіктер жасалған бұл мектепте.
Осылайша, облыстағы білім сапасы артып келеді. Облыстағы 207 мектептегі 236 кабинеті жабдықталды. Материалдық-техникалық базаны жаңартуға 590 млн теңге бөлінген. Мектептердің жабдықталуы 75,5%, оқушылардың білім деңгейі 66,1% дейін өсті. Сонымен қатар олимпиада жүлдегерлерінің саны 3 жылда 45 оқушыдан 145-ке дейін өсті.
Салтанат Бесбаева, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы:
- Жайлы мектептердің ашылуының арқасында, балалардың арасында білім сапасы көтеріліп, оқушылардың мектепке деген, білімге деген қызығушылығы артады деген ойдамыз. Өйткені, өздеріңіз тамашалағандай, мектептің ішінде, өзінің атында тұр, балалардың білім алуына барлық жағдай толыққанды жасалып отыр.
Алматы облысында қазір 39 мектеп үш ауысымда білім беріп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 26 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде ауысым саны азайып, білім сапасы арта түседі.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев.