«Жасыл сандықша» кітабы жарық көрді
Алматыда балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Жасыл сандықша» ертегілер жинағы таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Әлеуметтік жоба Freedom Life өмірді сақтандыру компаниясының бастамасымен жүзеге асып отыр. Кітап кішкентай оқырмандарды қаржы әлемімен таныстырып, ақшаны басқару, жинақ жасау сияқты дағдыларға үйретеді.
Қаржылық сауаттылық – тек пайдалы машық емес, ол қажеттілік. Себебі қазіргідей технология қарыштап дамыған заманда алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін қаржы әлемінің қыр-сырын білу маңызды. «Ақшаны басқару, жинақтау, цифрлік ортада қауіпсіздікті сақтауды балаға кішкентай кезінен үйрету де өзекті», – дейді жоба авторлары.
Сәуле Ынтықбаева, ҚНРДА қаржылық сауаттылықты арттыру басқармасының басшысы:
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды, бизнес бастамаларды әрдайым қолдаймыз. «Жасыл сандықша» кітабында қаржылық процестер балалардың ұғымына сай қарапайым тілмен жеткізілген.
«Жасыл сандықшада» 6 мен 8 жас аралығындағы балаларға арналған он ертегі топтастырылған. «Екі тілде жарық көрген кітап – Freedom Camp жобасының жалғасы», – дейді автор Каринэ Давтян. Freedom Camp – балаларды қаржылық сауаттылыққа үйретуге бағытталған тегін оқу курсы.
Азамат Ердесов, Freedom Life ӨСК басқарма төрағасы:
- 2019 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен біз балалар лагерін құрдық, сол уақыттан бері 5 жылда 6 мыңнан астам бала қаржылық сауаттылық бойынша дайындықтан өтті. Сондай-ақ балаларға қолайлы онлайн платформамыз да бар. Интерактивті сабақтар және ертегілер арқылы балалар қаржылық сауаттылықтың негізгі қағидаларына машықтанады.
Тұсаукесерде «Жасыл сандықша» кітабын тарату бойынша Ұлттық кітапханамен келісімге қол қойылды. Қызықты кітап сондай-ақ қала мектептерінің кітапханаларына да жеткізіледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев.