Таразда қолөнер көрмесі басталды
Жамбыл жерінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III халықаралық қолөнершілер көрмесі бастау алды.
Оған шетелден келген 200-ге жуық қолөнер шебері жиналды. Үш күнге жалғасатын мәдени шара барысында өңір тұрғындары мен қонақтары түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, сән үлгілерін тамашалай алады.
«Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III халықаралық қолөнершілер көрмесіне 13 елдің өкілі қатысып жатыр. Шараның Жамбыл жерінде өтуі тегін емес. Екі жыл бұрын Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қалалары қатарына енген. Бұл өңірдің туристік бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.
Әбілхайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Бұл іс-шара біздің Тараз қаламыз үшін өте маңызды. Себебі бұл жалпы 2014 жылдан бастау алған жұмыс бұл қолөнершілер тізіміне әлемнің 25 мемлекетінен 65 қала енгізілген. Тараз қаласы – 56-шы болып енгізілген республикадағы жалғыз қала.
Саад Аль-Каддуми, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті:
- Таразда өтіп жатқан көрме көптеген елдің шеберлерін жинады. Олардың туындылары әрқайсының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейді. Шараның мақсаты – мемлекеттердің достығы мен әріптестігін нығайту.
«Шахристан» алаңында қолөнершілердің қалашығы орын тепті. Бұл жерде көпшілік назарына көздің жауын алатын бұйымдар ұсынылған. Азия - Тынық мұхит аймағы қолөнершілері кеңесінің жетекшісі Азиз Мұртазаевтың айтуынша, бұл шараға қатысушылардың саны жылдан-жылға артып барады.
Азиз Мұртазаев, Азия-Тынық мұхит аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің президенті:
- Оның ішінде тараздық қолөнершілердің артуы қуантады. Тамыз айында Алматыға барған едік. Енді қолөнершілер қаласы мәртебесін олар да алады деген сенімдеміз. Түркістан, Шымкент те қызығушылық танытып отыр.
Қолөнершілердің халықаралық көрмесі қыркүйектің 29-ына дейін жалғасады. Шара аясында шеберлік сағаттары мен кәдесыйлар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар сән үлгілері көрсетіліп, гала-концерт өтеді деп жоспарланып отыр.
Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділдә