Семей педагогикалық колледжіне 120 жыл толды

Семейде Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің 120 жылдық мерейтойы тойланып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Атаулы шара қазақ педагогикасының қара шаңырағы саналатын оқу ордасының терең тарихы мен болашақтағы бағытын талқылауға арналды. Конференцияда еліміздің ғалымдары, ақын-жазушылар мен білім саласының мамандары бас қосты. Жалпы 300-ге жуық адам қатысты.

Конференция басталмас бұрын қатысушылар Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Артынан «Оқу орнының түлектері – тарихи тұлғалар» тағзым тақтасы ашылды. Конференция барысында семинар-практикум, фото және мұрағаттық құжаттар көрмесі ұйымдастырылды.

Шағангүл Жанаева, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры:

- Егер мұғалім дұрыс болатын болса, мұғалім білімді болатын болса, ол ұлттың да болашағы зор. Сол жауапкершілікті сезіне отырып біз бүгінгі таңда кәсіби маманданып жатқан болашақ мұғалімдеріміздің алдына осы жауапкершілікті қоямыз. 

Жанат Қарманова осыдан 37 жыл бұрын Әуезов атындағы педагогикалық колледжден түлеп ұшқан. Ғұмырын ұстаздықпен байланыстырған маман тәлім алған білім ордасына алғыс айтады.

Жанат Қарманова, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж түлегі:

- Жақсы тәрбие беру, білім беру, білімнің дәнін егу нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ал сондай нағыз ұстаздарды тәрбиелейтін осындай тарихы 120 жылдық оқу орнының Қазақстанда барлығы, сол оқу орнын бітіргеніме мен өте қуаныштымын.

М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі қазіргі заман талабына сай бірегей білім ордасы. Бүгінде мұнда мың жарым студент оқиды. 100-ден астам оқытушы жұмыс істейді.

Әсет Мұханбетов, Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры:

- Министрлік тарапынан Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық академия, Өрлеу курстары ұйымдастырылып, педагогтердің шеберлігі шыңдалып отырады.

Мерекелік шара барысында үздік студенттерге «Үздік әуезовші» және «Асылхан Бекбаев атындағы» шәкіртақылары табысталды. Оқу-ағарту министрлігі марапатымен 22 педагог марапатталып, облыс әкімдігі және білім басқармасының алғыс хаттарына ие болды.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы