Оралда көз ауруларын емдеу тәсілдері талқыланды

Еліміздің ең мақтаулы офтальмологтары бүгін Орал қаласында бас қосты.

Қазақстандық көз дәрігерлері қоғамының сарапшылар кеңесінің отырысында, витрео рети-нальды патология, яғни көздің торлы қабығы ауруларының алдын-алу мен емдеу мәселелері талқыланды. Дәрігерлер сондай-ақ «Юнисерв» медициналық орталығында науқастарды қабылдап, өзара тәжірибе алмасты.

«Юнисерв» медициналық орталығы көз ауруларын емдеуде еліміздегі жетекші клиникалардың біріне айналды. Бүгін жан-жақтан келген мамандар бұған көз жеткізді. Орталық заманауи лазерлік құралдармен, диагностикалық аппараттармен жабдықталған.

Кәримолла Жақыпов, Орал қаласының тұрғыны:

- Бұрын Мәскеу бар, Ульяновск бар, бәрі шабатын еді. Қазір бәрі Юнисервке келіп қаралады. Неге десеңіз, басқа жер де бар, адамның қасиетіне қарап, маманның тәжірибесіне қарап. 

Оралдық клиника ашылған 6 жылда 10 мыңдай операция жасалса, соның 200-і витреоретинальды операция, яғни көздің торлы қабығын емдеу екен. Ауру асқынса, науқастардың соқыр боп қалу қаупі зор көрінеді.

Әсел Мұханбетқалиева, "Uniserv Medical Center" көп салалы клиникасының бөлім меңгерушісі:

- Өте күрделі патология. Бұрын операция Алматы, Астанада жасалды. Қазір облыста тек бізде бар ондай мүмкіндік. Ақылы да, медсақтандыру бойынша да операция жасаймыз. Көздің торлы қабығының артқы бөлігіне лазермен қан шығармай орындаймыз.

Сарапшылар кеңесінің отырысында еліміздің озық офтальмологтары витреоретинальды патологияны емдеу бойынша тәжірибе алмасты.

Эльмира Қанафиянова, көз аурулары қазақ ғылыми-зерттеу институтының бас дәрігері:

- Науқастар өте қиын. Бірақ мына клиника «Юнисерв» жаңа біз экскурсиямен өттік. Жақсы мамандары бар, әлемдегі бар жабдықтар осы клиникалар бар. Бізге ол өте қуанышты. Біздің мақсатымыз Қазақстан тұрғындарына жоғары офтальмологиялық көмек көрсету.

Сондай-ақ бүгін «Юнисерв» клиникасы базасында Қазақстан көз дәрігерлері қоғамының облыстық филиалы құрылды.

Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов