Елордада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанада Қызылорда облысы ауыл шарушылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Ол таңғы сағат 09.00-де басталып, ертең кешкі алтыға дейін жалғасады. Елорда тұрғындары 80-ге жуық сыр диқаны мен тауар өндірушісінің өнімдерін нарықтағы бағадан арзанға ала алады.
Қызылорда дегенде алдымен Сырдың күріші еске түседі. Кейін балығы мен тәтті құрты көз алдыңа келеді. Облыс жәрмеңкесінде мұның бәрі бар. Диқандар мен тауар өндірушілер құны 270 миллион теңге болатын 600 тоннадан астам өнімді елордалықтарға алып келді.
Сәкен Шағыртаев, «Таң ЛТД» ЖШС директорының орынбасары:
- 20 тонна Қызылорда облысы Таң ауылының күрішін әкеліп отырмыз. Қазір халықтың сұранысына байланысты бесінші жыл қатарынан Астана қаласындағы жәрмеңкеге қатысудамыз. Жылына 8-9 мың тонна күріш өндіреміз, ақ күрішті.
Сондай-ақ ет, ірімшік және қауын-қарбыз да сауданы қыздырды. Әр тауар нарықтағы бағадан 15-20%-ке арзан сатылып жатыр. Өнімнің бәрі 70-ке жуық жүк көлігіне тиеліп, арнайы елордаға әкелінген.
Талғат Дүйсебаев, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- 300 тоннаның үстінде күріш өнімі келді, 180 тоннаға жуық бақша өнімдері, 80 тоннаға жуық көкөніс және жеміс өнімдері келді. 20 тонна сүт өнімдері ұсынылып отыр. Биыл көбірек. Өткен жылы 500 тоннадай өнім келсе, биыл 600 тоннадан астам келді. Оның үстіне айта кету керек, тауар өнідуірушілерінің өздерінде қызығушылық бар. тікелей өздері сатуға ынтасы да болып отыр.
Ал жәрмеңкенің нақ ортасында үлкен сахна бой көтерген. Сыр елінің күміс көмейлері мен жыршы-жырауы, сондай-ақ мың бұралған бишілері концерттік бағдарлама ұсынды.
Авторлары: Альмира Оразбай, Серік Қоңырбаев