Көкшетауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Көкшетауда да ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды 24kz.

Бір ерекшелігі, осы жолғы жәрмеңкеге жергілікті кәсіпорындармен қатар Тәжікстан Республикасының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де қатысты. Сауда-саттық шарасында 200 тоннадан астам түрлі азық-түлік өнімі саудаланды.

Ауыл дәмін сағынған қала тұрғындары таң сәріден орталық алаңға жиналды. Олар осындай жәрмеңкені асыға күтеді. Себебі мұнда нарықтан 15-20%-ке арзан.

Жанат Әбілденов, қала тұрғыны:

- Бағалар көңілге қонымды. Базардан қарағанда арзан. Қазір қысқа қамданып жатырмыз. Көбіне ет, сүт, картоп пен бал өнімін алдым.

Әсел Молдахметова, жеке кәсіпкер:

- Біз Шортанды ауданы Бозайғыр ауылынан келдік. Біз сүт өнімдерін әкелдік. Сүт, қымыз, ірімшік, қаймақ. Сүт өнімдеріне сұраныс, әрине бар. Әрқашан болады. Біз ірімшікті 900 теңгеден, қаймақты 1500 теңгеден сатып жатырмыз.

Жәрмеңкеге қойылған 200 тонндан астам өнім түске дейін сатылып кетті. Оның 60 тоннасы жергілікті өнім болса, қалған 160 тоннасы тәжік ағайындарға тиесілі.

Ифтихор Шокиров, «Тәжагропромэкспорт» кәсіпорнының директоры:

- Біз ауылшаруашылық өнімдерінің отыздан астам түрін әкелдік. Біздің ең маңызды міндетіміз – халыққа сапалы әрі қолжетімді бағадағы өнім жеткізу. Әсіресе, жеміс пен көкөністерге сұрыныс жоғары.

Биыл облыс орталығында осындай жәрмеңке алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алда тағы өтеді деген жоспар бар.

Мұрат Балпан, облыс әкімінің орынбасары:

- Келесі жәрмеңке 12 қазанда осы орталық алаңда өткіземіз. 29 қазан күні біздің Астанада үлкен жәрмеңке болады. Соған арнайы дайындалып жатырмыз.

Айталық, дәл осы сауда-саттық шарасы екі күнге жоспарланған. Бұл қала тұрғындарының қысқа қамдануына сеп болары анық. Сондай-ақ аймақтағы азық-түлік бағасының тұрақталуына да ықпал етеді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный