Алматы облысы Ақши елді мекенінің азаматтары ауылын көркейтіп жатыр
Алматы облысының Іле ауданындағы Ақши елді мекенінің азаматтары өз қалтасынан ақша шығарып, ауылды көркейтуге атсалысып жатыр.
Олар жиналған қаржыға ауылдың кіреберіс қақпасын орнатты. Осыған орай жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама және шағын футболдан жасөспірімдер арасында жарыс ұйымдастырылды.
Ауылдың кіреберіс қақпасын орнату туралы бастаманы Ақши елді мекенінің жастары көтерді. Жергілікті тұрғындардың қолдауымен бас-аяғы 3-4 айдың ішінде 6 млн. теңгедей қаржы жиналып, сән-салтанаты келіскен әсем арка бой көтерді.
Дәурен Дәлібаев, Ақши ауылының тұрғыны:
- 5,70 биіктігі болып отыр. Көлденеңі 12 метр болып отыр. бір шаңырақтың астында болайық деген мақсатта осы екі жағына шаңырақтың белгілері қойылды.
Арканың қос қапталына тастан қашалып жасалған арыстан қойылды. «Біз мұны ауылымыздан алдағы уақытта да арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастар шықсын деген оймен жасадық», – дейді ұйымдастырушылар.
Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:
- Ауылымыздың жігіттерінің, қыздарының, жастарының қаражатымен жиналған осы қақпамыз көтеріліп жатыр. Қуанышымыз шексіз. Мұның бәрі ауызбірліктің арқасында. Бұл енді бірінші рет емес осындай іс-шара ауылымызда өтіп жатқан.
Ақши ауылының тұрғындары көктемгі су тасқыны кезінде 10 млн теңге қаржы жинап, 30 шақты қазақ үй жасатты. Ол үйлер Атырау мен Ақтөбе облыстарына жөнелтілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына орай жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс өтіп, ауылдық мәдениет үйінің алдында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов