Су ресурстарын тиімді басқару – басты міндет
Батыс Қазақстан облысында Су ресурстарын тиімді басқару мақсатында ауқымды істер қолға алынды.
Жайық-Көшім жүйесіндегі ең ірі Киров су қоймасы биыл жөнделіп жатса, Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларына техникалық тексеріс жүргізілген. Тасқала ауылы тұсында Деркөл, Бөрлі ауданында Шыңғырлау өзендерінің арнасы аршылмақ. Бүгін облыс әкімдігінде өткен келелі кеңесте осы салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Су ресурстарының 80% Ресейден алатын Орал өңірінде трансшекаралық Жайық, Шаған, Қараөзен мен Сарыөзеннен де басқа шағын дариялар аз емес. Осы өзендердің жыл сайын тасып, ел-жұртқа қауіп төндіру себебі арнасы тайыздап кеткендіктен, - дейді мамандар. Сондықтан келер жылы Тасқалада Деркөл, Бөрліде Шыңғырлау өзендерінің түбі тазаланбақ. Ақжайық пен Мұратсай су қоймасы жаңартылады.
Қалияр Айтмұхамбетов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
- «Батыс Ирригация» деген мекеме құрдық, қазір басшысын тағайындадық. Биылғы тасқыны көрсетті, облыстағы су өзендерінің тайыздығы және тайыздық жағынан су дұрыс өтпегесін көтеріліп, ауылдарды басу фактілері орын алды. 16 қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жоспарланған болатын. Оларға бәріне жоба-сметалық құжаттар жасалып, бүгінгі күнге жұмыстар басталып кетті.
Дегенмен су ресурстарын басқаруда кемшіліктер жоқ емес. Жағалаудағы жерлердің заңсыз берілуі салдарынан өзен-көлдер ластанып, флора мен фаунаға зиян келуде. Көктемгі тасқын кезінде мемлекет миллиардтап шығын шегуінің бір себебі де осы, дейді прокурорлар.
Серік Шалабаев, облыс прокуроры:
- Орал қаласы әкімдігі жайылма аймағынан саяжайлар үшін 25 мыңнан астам жер телімін берген. Ол жеткіліксіз болғандай, Теректі аумағына кіріп, саяжай құрылысы үшін Подстепное ауылынан 500-дей учаске берген. Бұл бір ғана «Нұрлы жол» бау-бақша қоғамындағы сандар. Біздің бастамамызбен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық құқық бұзушылықтың бар-жоғына тексеру жүргізуде.
Облыстық прокуратураның алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен су ресурстары министрлігіне тиісті ұсынбалар берілді.
Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов