Қызылордада әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді
Қызылордада бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24kz.
Қала күніне орайластырылған шара аясында 470 пәтерлі 10 тұрғын үйдің кілті тапсырылып, аймақта салынып жатқан 11 «Жайлы мектептің» алғашқысы пайдалануға берілді.
Қызылорда облысында соңғы екі жылда төрт мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Ал биыл 900 отбасы қоныс тойын тойлаған. Өңірде үйлі болғандар қатары тағы толықты. Бұл жолы қаланың сол жағалауынан бой көтерген 470 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің кілті тапсырылды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 миллиард 100 милион теңгеге 2500-ден астам пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша, тұрғын үй құрылысының көлемі 126%-ке өсті.
Аймақта әлеуметтік маңызды нысандар қатары көбейіп келеді. Мысалы, 2025 жылға дейін облыс көлемінде 21 «Жайлы мектеп» салу жоспарланған. Соның алғашқысының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Уақыт талабына сай жабдықталған білім ұясында оқушы мен ұстаз үшін барлық жағдай жасалған.
Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Қазірдің өзінде 36 сынып комплектте 912 бала тіркелді, 45 мұғалім жұмысқа қабылданды. Алдағы уақытта біз 100-ге дейін біліктілігі жоғары ұстаздарды жұмысқа қабылдаймыз және балалардың саны 1500, 2000-ға дейін барады деген жоспарымызда бар.
Самат Дүйсенбаев, бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі:
- Заман талабына сай информатика кабинеттері бар, IT, робототехника кабинеттері, жаратылыстану бағытына байланысты биология кабинеттері деген сияқты, химия кабинеттері барлығы өзінің құралдарымен арнайы жасақталған.
Өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 апатты, 3 бейімделген мектепті қайта салу жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев