Түркістан облысының әкімі қарттарды марапаттады

Түркістан облысында 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт кісі тұрады, деп хабарлайды 24kz.

Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 3 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері. Сонымен қатар жасы 100-ден асқан 60 қария бар. Ең егде жастағысы – Жетісай ауданының тұрғыны Унгай Бегбаева. Кейуана жақында ғана 110 жасқа толды. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік шарада облыс басшысы Дархан Сатыбалды қазыналы қарттармен жүздесті.

Жақында ғана пайдалануға берілген «Достық үйі» ғимаратына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген ардагерлер жиналды. Мерекелік жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аймақты дамытып, елдің ауызбіршілігін сақтауда ардагерлердің де үлесі зор екенін атап өтті.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Сіздердей аға буын мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің барлық бағытта тұрақты дамуына, қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестеріңіз зор. Әсіресе, қайта жаңғырған Түркістан облысының жаңа тарихында есімдеріңіз құрметпен аталары анық. Сіздер осы ұстанымға сай болып, еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Осы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Мерекелік жиында әр ауданнан келген қазыналы қариялар бәтуалы ой айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Өңірді дамыту, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды сақтау, руханият, жастарға тәлім-тәрбие беру бағытындағы ойларын ортаға салды.

Құрман Шойынбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:

- Мен Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда биыл 54-ші жыл еңбек етіп жатырмын. Менің өзімнің өнеріммен болашақ ұрпаққа әлі де талай қызмет істеймін деген ойым бар. Шәкірт тәрбиелеп жатырмыз, мен әлі де мына сахнадан кеткен адам емеспін. Кеткім де келмейді.

Осы игі бастамаларды жүзеге асыруда абыз ақсақалдардың ақыл-кеңесі мен тәжірибесі назарға алынатынын атап өткен аймақ басшысы бір топ ардагерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Авторлары:Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш