Коронавирус тараған Уханьда бір жылда не өзгерді?

Осыдан тура бір жыл бұрын Қытайдың Ухань қаласында қатаң карантин алынған еді.

Шаһар халқы 76 күн бойы шектеу шараларында өмір сүрді. Биліктің індетпен күрестегі қолға алған әрекеттерінің арқасында шаһарда коронавирусты жұқтыру деректері былтыр мамырдан бері тіркелген жоқ.

Бір жыл бұрынғы Ухань мен қазіргі Ухань арасындағы айырмашылық – жер мен көктей.

Көшеде қамсыз жүргендерді көріп, былтыр шаһардың қатаң локдаунда болғанына сену қиын. Дегенмен «Хуанань» базары әлі күнге дейін жабық тұр. Сауда орнының төңірегі биік дуалмен қоршалған. Жұқтыру дерегі алғаш рет осы базарда тіркелген еді. Алайда сарапшылар әлі күнге дейін коронавирус дәл осы жерден тарады деген болжамға қатысты ортақ пікірге келген жоқ. Ал біз туристерден қалада өзін қаншалықты қауіпсіз сезінетіні жайлы сұрап, әңгімеге тартттық. 

БЛИЦ:

- Мен өзімді қауіпсіз сезінемін. Әйтпесе қалаға келмес едім. Көшеде адам көп. Осында демалып жүргеніме 10 күндей болды.

– Біз Уханьға жақын жерде тұрамыз. Осында 5 күнге келдік.

Демалыс күндері Қытай халқы дәстүр бойынша марқұмдарды еске алу мерекесін атап өтті. Осы ретте Ухань қаласы орналасқан Хубэй провинциясына 11 миллионнан аса адам келген екен. Билік бұл өңірде туризмнің қайта жандана бастағанын білдіреді дейді. 

Лю Хай, қонақ үй менеджері:

– Бизнес қалпына келе бастады. Өңірге ағылған туристер саны көбейіп келеді.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Бұл – Ухань қаласындағы вирусология институты, сондай-ақ Қытай аумағындағы биоқауіпсіздік бойынша төртінші деңгейдегі алғашқы зертхана. Бізді ғимарат ішіне кіргізген жоқ. Айта кетейін, бұл жерде жарқанаттарға тән коронавирустар да зерттеледі. Әлемді жайлаған індет тап осы институттан тарап кетті деген күдік бар.

Алайда биыл қыста зертханаға келіп қайтқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері бұл күдікті растамады. Десе де, вирустың нақты қайдан тарағаны әлі күнге дейін белгісіз. Айта кетейін, былтыр жыл басында эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлап, жергілікті ауруханаларда науқастарды жатқызатын орын жетіспей, екі уақытша госпиталь тұрғызылған болатын.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Біз Лэйшэньшань госпиталі орналасқан жерде тұрмыз. Өткен жылы оны небәрі 10 күнде салған еді. Осы ауруханаға жатқызылған 2 мың науқастың жартысынан көбі ауыр хәлде болған. Клиника алғашқы науқасты 8 ақпанда қабылдаған болатын. Ал сәуірдің он бесінде госпиталь жабылды.

Қазір Уханьда вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Екпе салу орталығы тіпті вокзал алдындағы алаңда да ашылған.

БЛИЦ:

– Мен коронавирусқа қарсы екпе салдырдым. Билік пен мамандарға сенемін. Біздің қала тұрғындары қоғамдық жерде маска шешпейді. Сондықтан бетперде мен екпе вирусқа тосқауыл бола алады деп ойлаймын.

– Ухань тұрғындарының көбі екпе салдырды. Мен де бірінші дозасын алдым. Біз күнделікті көлігімізді залалсыздандырамыз. Сондай-ақ сыртқа маскасыз шықпаймыз. Бұл әдетке айналып кетті.

Осы күнге дейін Ухань халқының 3 миллионнан аса тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцина салдырған екен. Ал локдаун алынып тасталған бір жыл ішінде қаладағы тіршілік қалыпты күйге оралды. Бұл тек биліктің ғана емес, тұрғындардың да жауапкершілігінің нәтижесі. 

Ботагөз Сырғабаева