361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Азия радио диалогы» форумы аясында «Медиа 2020» тақырыбымен ауқымды конференция өтпек

  • 186

Астанада «Азия медиа диалогы» жалғасып жатыр.

Форумның екінші күнінде «Азия радиосы тақырыбымен халықаралық конференция өтті. Бүгінгі жиын семинар-кеңес форматында өрбіп, тараптар өзара тәжірибе алмасты.

«Азия радио диалогы». Медиа нарыққа арналған жиын Қазақстан емес, күллі Орталық Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бас қалаға алыс-жақын шетелден 100-ге тарта мейман келіп, бүгін радионы жетілдіру жайын жан-жақты талқылады. Оның ішінде ерекше атап өтетін қонақ – Үндістан радиосының бас директоры Фейяз Шеxрияр. Бұл азамат басқарып отырған радиостанцияның әлем бойынша 1 миллиардтай тыңдарманы бар. Үндістандықтың айтуынша, Қазақстандағы радионы дамыту үшін материалдық құндылыққа емес, контентке баса назар аудару қажет.

Фейяз Шехрияр, Үндістан радиосының бас директоры:

– 9-37 жас аралығындағы аудиторияға арнап қосымша интернет радио ойлап табу қажет. Біз Үндістанда мұндай жобаны сәтті жүзеге асырдық. Өйткені радионы негізінен осы жастағы адамдар тыңдайды. Жалпы радиостанцияларды дамытып, жетілдіру үшін бар жұмысты нарыққа қарай емес, аудиторияға бағыттау қажет.

Ал жер жаһанды адам миына қонбайтын технологияларымен таң қалдыратын жапондықтар жасанды интеллект арқылы ақпарат жинайды. Осылайша, ең қызықты деген мәліметтер іріктелініп, журналистердің жұмысы әлдеқайда жеңілдей түскен.

Масаказу Иваки, NHK зертханасы директорының ғылым және технология бойынша орынбасары:

– Бұл жүйе «Big Data» деп аталады. Ол порталдар мен әлеуметтік желілердегі ақпараттарды сараптап, қызық әрі өзекті деген мәліметтерді журналистерге іріктеп береді. Мұнымен бізде телевидение, радио және мерзімді басылым қызметкерлері жұмыс істейді. Бұл ақпарат тарату жылдамдығын әлдеқайда арттыра түсті. Осы әдісті Астанадағы форум аясында көпшілікке ұсынатын боламын.

Жалпы Азия медиа диалогқа келген шетелдік меймандар еліміздегі медиа нарықтың дамуына оң бағасын берді. Кенжелеп қалған тұстарын жетілдіруде шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Айбол Арғынғазинов, «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясының бөлім басшысы:

– Жалпы қонақтар, атап айтқанда біздің еліміз бен Астанамыз жайында оң пікірге ие. Және қазақстандық медиа саласының дамуына да оң баға беруде. Өздерінің тараптарынан кеңес, консультациялар беріп, екі күннің ішінде мазмұнды шеберлік сыныптарын өткізіп жатыр.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Ертең «Медиа 2020» тақырыбымен ауқымды конференция өтпек. Алқалы жиында тек радио емес, мұқым медиа нарықтағы мәселелер талқыланып, өзара ынтымақтастық бойынша тараптар арасында бірқатар келісімдер жасалады деп күтілуде.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы