Қарағанды облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы кентінің маңында «Газель» мен қалааралық автобус соқтығысты.

Жарақат алған үш адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

5 наурызда түнгі сағат 1 шамасында Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы кентінен 30 шақырым қашықтықта Алматы – Екатеринбург автожолында «Газель» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, Тараз – Нұр-Сұлтан бағытымен келе жатқан 56 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «VAN HOOL» маркалы автобуспен соқтығысқан.

«Жол апаты салдарынан «Газель» автокөлігінің жүргізушісі мен 24 жастағы жолаушысы, сондай-ақ 37 жастағы автобустың екінші жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Жол апаты кезінде автобуста төрт жолаушы болған», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысының полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін сақтауды және жылдамдықты асырмауды ескертеді.