Үкімет ауыл шаруашылығын дамытудың барлық мүмкіндіктерін игермей отыр

Қазақстан аграрлық державаға айналуы тиіс.

Елбасы биылғы жолдауда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл өте орынды. Өйткені Үкімет ауыл шаруашылығын дамытудың барлық мүмкіндіктерін игермей отыр. Бүгін орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингінде сөз алған халықтық коммунистер жолдауға қатысты өз пікір-тұжырымдарын осылай деп жеткізді. Сондай-ақ көлемді құжатта әлеуметтік-қамтамасыз ету, денсаулық салаларына қатысты жағымды өзгерістермен қатар діни экстремизм, терроризмге тосқауыл қою үрдісі коммунистер тарапынан қызу қолдау тауып отырғаны айтылды.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, КХП орталық комитетінің хатшысы:

- Дүние жүзіндегі дамыған елдердің қай-қайсысын алсаңыз да олардың бәрі даму сатысына тек озық технология арқылы қол жеткізді. Президент еліміздің болашақ дамуын, Қазақстанның үшінші жаңғыруын яғни мемлекеттің экономикасын дамытуды қазіргі заманның озық технологиясымен игерумен, меңгерумен байланыстырады. Сондықтан да осы Стратегиялық құжат біздің еліміздің дамудың биігіне алып шығаратындығына сенеміз.