Астық өндірісі бәсеңдеп келеді | Арнайы репортаж
Әлемдегі дәнді-дақылдар экспортының 30 проценттен астамын Ресей мен Украина қамтып келген. Қос мемлекеттің әскери қақтығысы жаһандағы азық-түлік қауіпсіздігінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сарапшылар осылай дабыл қағуда. Оның салдары орасан, деп хабарлайды «Хабар 24».
БҰҰ-на қарасты дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасында 47 млн адамның аштықтан қатты зардап шегетіні ескертілді. Ал Қазақстандағы астық әлеуеті қандай? Биылғы егістік науқаны қалай жүріп жатыр? Нанның қадірін білеміз бе? Ресей мен Украина соғысынан туындаған азық-түлік дағдарысы кедей елдердің санын арттыра түспек. БҰҰ-ның сарапшылары 81 мемлекетте зерттеу жүргізіп осындай пайымға келген. Олар қос сценарийді алға тартып отыр. Алғашқысына сай 33 млн адам соғыс салдарынан аштыққа душар болса, екіншісінде 47 млн-ы талғажау етер тамақ таба алмай қиналатыны айтылған. Бұл соғыстан бұрын да жаһанда сіңірі шыққан кедейлер көп еді ғой. Биыл олардың саны 323 млн-нан асып кетуі ықтимал.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
– Дағдарыстың салдары өте ауыр болуы мүмкін. 1,7 млрд адам міскін күйге түсіп, аштан қырылуы ғажап емес. Бірнеше онжылдықта әлемде мұндай жағдай болмаған.
Ас атасы – нан дейміз. Иә, біздегі дүкен сөрелерінде нанның түр-түрі тұр. Бағасы да сан қилы. Бірақ шетінен шертіп тұрып, таңдап алу әркімге бұйырған бақ емес. Ең арзанының өзі бәзбіреулер үшін қолжетімсіз болып қалған. Өйткені халықтың тұрмысы көңіл көншітпейді. Оған қос бүйірден қысқан қымбатшылық себеп.
Елдегі астық ору жылдағыдай емес, бәсеңдеп қалды. Былтырғы жиын-терім 30 процентке аз шыққан. Бұрын-соңды болмаған қуаңшылық салдарынан қамбаға 16 млн тоннадан сәл асатын астық түсті. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің рекордтық деңгейде қымбаттауына алып келді.
Евгений Карабанов, Қазақстан астық одағының ресми өкілі:
– Қазір шаруалардың жағдайы қиын. Қажет ресурстар түгел қымбаттап кетті. Мысалы, тыңайтқыштар 2 есе, қорғаныш құралдары 2.5 есе, бөлшектердің бағасы 3 есе өсіп кетті. Ауыл шаруашылығы техникасы да аспандап тұр. Біз биылғы егістік науқанын дұрыс деңгейде өткізуіміз керек. Ол үшін жаңа технологияларды пайдалану маңызды. Оны алу арзан емес екені түсінікті. Қазір шаруалар қолындағы бидай тоннасын 160 мың теңгеге сатып жатыр. Мұны көп көретіндер де бар. Бірақ, бағаны түсіру дәл қазір бізге тиімсіз.
Жергілікті астық өңдеушілер Қазақстанның бидай экспортына шектеу қоюды сұрап отыр. Алдағы екі айда еліміз 1 млн тонна бидай мен 300 мың тонна ұнды шетел асырмақ. Ұн өндірушілер мұны тәуекелге толы шешім деп бағалады. Олар астықты шикізат күйінде сатудан гөрі, ұн қылып сатқан тиімдірек дейді. Мемлекет үшін. Сарапшылар есебінше, бидайдың тоннасы 350 доллар болса, ұнға 450 доллар төленеді. Артық пайда 100 доллар. Оған қоса, өңделген бидайдың қалдықтарын жем-шөп ретінде пайдалануға болады. Бұл да өз кезегінде өзге өнімдердің арзандауына алып келеді.
Әлихан Талғатбек, Қазақстанның астық өңдеушілері одағының вице-президенті:
– Біз астық экспортына тыйым салуды сұраймыз. Қазірдің өзінде бидай бар дегенімен, оған қол жеткізе алмай отырмыз. Біз де астық трейдерлері сияқты ірі тұтынушымыз ғой. Бір айда 600 мың тоннасын сатып аламыз. Оның 300 мыңы ішкі нарық үшін қайта өңделеді. Қалғанын сыртқа шығарамыз. Міне бір ай болды, қиналып қалдық. Астықты экспорттамас бұрын, қорды нақтылап алу керек. Біз инвентаризация жүргізуді ұсындық. Бұл маңызды. Өйткені, сәл қателессек, жаңа жиын-терімге дейін сан соғып қалуымыз мүмкін. Жаңа астықты орып, оны өңдегенше жарты жыл кетеді. Оған дейін ұнды ауадан жасамаймыз ғой.
Елде 170 ұн шығаратын комбинат бар. Шикізат тапшылығынан олардың жартысына жуығы жұмысын тоқтатты. Өңдеушілер бұған дейін Ресейдің арзан бидайын пайдаланып келген. Айтпақшы, Қазақстан көрші елден астық алып отырған мемлекеттер үштігінде еді. Ондағы экспортқа шектеу қойылғалы жағдай өзгерді. Ал тұтынушылар көбейген соң, біздегі астықтың қымбаттағаны рас. Алайда астық одағының өкілдері дүрлігуге негіз жоқ дейді.
Евгений Карабанов, Қазақстан астық одағының ресми өкілі
– Астық өңдеушілерді азық-түлік қауіпсіздігі үшін өнімін 10%-ке арзанға сату талабы ойландырып қойды. Оларға ішкі нарыққа арзан сатқанша, қымбатқа экспорттау тиімді. Бірақ алаңдауға негіз жоқ. Азық-түлік корпорациясында қор жеткілікті. Ресей экспортты қайтаратын болса, біздегі бидай тоннасы 120-130 мың теңге болады. Қордағысын экспорттаған күннің өзінде келесі жиын-терімге дейін 1,2 млн тонна астық қалады.
Ауыл шаруашылығы министрі де қордағы бидайдың біразға жететінін айтып қалды. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, астық өсірушілер мен өңдеушілер өзара келісімге келуі керек. Қазір әрқайсысы өз мүддесін алға тартып әлек.
Ербол Қарашөкеев ҚР ауыл шаруашылығы министрі:
– Ұнның бағасы бидайдың бағасына байланысты. Бидайдың бағасы қазір 150 болатын болса, ұнның бағасы да сәл өседі ішкі нарықта. Бидайдың бағасы төмендейтін болса, 130, 120-ға дейін жететін болса, онда ұнның бағасы да төмендейді. Ол нарық қой енді. Біз айтып отырғанымыз тапшылық болмайды әлеуметтік әл-ауқаты төмен біздің қоғамның жартысы әлеуметтік нанды алып отыр. Оның бағасы өзгермейді. Оның бағасын біз тұрақтандырып, нанның бағасын ұстап отырмыз. Қалғаны бидайдың бағасымен байланысты болады.
Ұн бағасының 85 проценті оның шикізатына кеткен шығыннан, қалғаны отын, тасымал, логистикаға жұмсалатын қаржыдан құралады. Мұның бәрін есептей келе, астық өнімінің арзандамайтынын ұғуға болады. Қазірдің өзінде ұнның бір тоннасы 220-235 мың теңгеге сатылып жатыр.
Әлихан Талғатбек, Қазақстанның астық өңдеушілері одағының вице-президенті:
– Ресей астық экспортына шектеуді тағы созбайтынына ешкім кепіл бола алмайды. Біз әлемдегі бағаның өсіп жатқанын көріп отырмыз. Нарықтағы бағаға қарсы келу мүмкін емес. Біз 160 мың теңгеге де көнуге дайынбыз. Бірақ өнімді экспорттауға асықпау керек. Тәжірибемізге сүйенсек, 1 млн тонна астықты 40 күнде экспорттауға болады. Яғни уақыт жоғалтпаймыз. Қорды барынша нақтылап алайық. Біз жеке мүддеге емес, азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдаймыз.
Айдарбек Сапаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:
– Біздің экспорттық потенциал 2,5 млн тонна астығымыз әзір бар. Оның бір-ақ млн тоннасына квотирование кіргізіп отырмыз. Сонда 1,5 млн тонна ендігі жылға ауысады, ендігі урожайға шейін. Сондықтан бұл жерде қорқатын ештеңе жоқ. Бидай да жетеді, ұн да жететін бар.
Күні кеше азық-түлік корпорациясы 3-санаттағы жұмсақ бидайды 116 мың теңгеге алатыны белгілі болды. Ал аграрлық несиелік корпорацияға өтініш беріп үлгерген шаруалар астықты қуаңшылықтан сақтандыруға мүмкіндік алады. Кейін шығынның тең жартысын мемлекет өтейді. Қазір елде 118 мың тонна ұн бар. Қоймаларда 6,5 млн тоннаға жуық астық жатыр. Елде егістік науқаны басталды. Былтырғы елді жайлаған қуаңшылық сабақ болды ма, шаруаларға егін аумағын азайтуға кеңес берілді. Жауын-шашын болмаса, еңбек тағы зая кетуі мүмкін.
Серік Қожаниязов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
– Сәуір айында жауын-шашын тағы да жалғасын таппаса, я болмаса жазғытұры су аз келсе, біз қатты қысыламыз. Сол себепті біз айтып отырмыз, оңтүстік өңірлерде, мейлінше мақтаны да, күрішті де шамалы азайту керек. Қосымша каналдарды тазалау керек. Бұрынғыдай ағынсу келеді деген жоқ. Биік жерлерге егіс екпеу керек.
Тоқтағұлдан келетін тіршілік нәріне тәуелді болғандықтан, жауапты министрлік Қырғыз елімен жыл сайын алыс-беріс арқылы келісімге келеді. Биылғы тоқтам: айыр қалпақты ағайын бізге су берсе, бізден оларға қосымша электр қуаты жіберіледі.
Серік Қожаниязов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
– Сол біз қазір Жамбыл облысында, екі өзен бойынша Су мен Талас бойынша біз 3 су қоймасын саламыз деген жоспар бар. Техникада негізгі көмек жасадық. Биыл сол проектно-смета документаций үлгеріп жатса, құрылысты бастаймыз. Ол деген өзіміздің Жамбыл облысы деген таулы жер ғой, жаңағы Қырғызстаннан келген судан бөлек, өзіміздің территориямызда еріген қарларды жинақтап алып су қоймалары, сосын қырғыздардан келген су жетпесе, соны қосымша береміз. Дәл сондай жағдай бізде Қызылорда облысында, екі жерде, су қоймасы деп айтпаймыз, көлдер жүйесі болған, Көлдарияның бойында. Соны көктемгі су тасқыны кезінде көлдер жүйесіне кіреді де, сосын дарияның су деңгейі түскен кезде, қайтадан ағып кетеді. Біз енді контр реттеуіш емес, су бар кезде суды жинақтап алып, қажет кезінде ағызамыз.
Әңгіменің әлқиссасын әлемдегі азық-түлік дағдарысынан бастауымыз тегін емес. Астық өңдеушілер мен өсірушілер бір мәмілеге келе алмай жүргенде, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы шектеуді мүлде алып тастауды ұсынды. Олардың пайымынша, геосаяси жағдай бізге Еуропа нарығын жаулауға мүмкіндік беріп тұр. Қазірдің өзінде қазақстандық бидай мен ұннан жасалған өнімдер бірқатар елде сұранысқа ие. Шаруалар 100 мың тоннаның тауарын сатуға келісім жасап қойған. Оның 70 мыңы қатты бидай, қалғаны органикалық өнімдер.