Елде интернет сапасын жақсартатын технология енгізіліп жатыр
Бүгінгі таңда 1424 ауыл мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ал ірі қалаларда ғаламтор жылдамдығына шағым көп. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес байланыс сапасын арттыру үшін Ұлттық жоба қолға алынған. Оның аясында үйдегі Wi-Fi роутерлердің жылдамдығын арттырып, іркіліссіз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін технология енгізіліп жатыр.
Елдегі алты мыңнан астам елді мекеннің небәрі екі мыңы 4G мобильді интернетімен қамтылған. Ал ADSL технологиясы екі мыңға жуық, талшықты-оптикалық байланыс желісі 2600 ауылға ғана жеткізілген. Сондықтан «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы жұмысын бастады. Оның міндеттеріне сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамыту мен транзиттік әлеуетті ұлғайту және өңірлік деректер хабын құру кіреді. Бұл мақсаттарға жету үшін 31 сатыдан тұратын жоспар жасалған.
Диас Төлегенов, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің басқарма басшысы:
- Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 2027 жылға дейін 3 мыңнан астам ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту жоспарланған. Ол үшін елді мекендерді шығыс, батыс, солтүстік, оңтүстік аймаққа бөліп, төрт лот дайындадық. Енді республикалық бюджеттен қаражат бөлінгенін күтіп отырмыз. Одан бөлек, мыңнан астам ауылда оптикалық желі тек мектеп, әкімдік пен ауруханаға ғана тартылған. Оны үйлерге жеткізу үшін интернеттің «соңғы милін» субсидиялау механизмі арқылы операторларға арнайы грант беріледі. Осылайша, 2 млн-нан астам адамды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтимыз.
Интернет жылдамдығын арттыруға бағытталған тағы бір жоба «SAPA+» деп аталады. «Өздігінен шешім қабылдауға қабілетті технологияның артықшылығы көп», – дейді байланыс саласында 10 жылдық еңбек өтілі бар инженер Абылайхан Сермахан.
Абылайхан Сермахан, инженер:
- «Воздушный» 11-13 канал бар. сіздің Wi-Fi роутеріңіз екінші каналға кірген кезде, бұл канал толыққан кезде сіздің Wi-Fi сіздің көмегіңізсіз бұл каналдан шығып, басқа бос каналға кіріп, сол себептен сізге жақсы интернет қолдануыңызға мүмкіндік береді.
Бүгін ол Әлменқұловтар отбасының ескі Wi-Fi роутерін жаңа құрылғыға ауыстыруға келді. Себебі үй иесі кей күндері интернет жылдамдығы төмендейтінін айтып шағымданған.
Динара Әлменқұлова, қала тұрғыны:
- Күн райы бұзылған кездерде интернет сапасы нашарлайтын. Ол күндері балалар да сабағын үйде оқиды ғой. Зумға қосылу қиын болатын. Қазір жаңа маршрутизатор қойып берді. Үйдегі Wi-Fi жылдамдығы артқанын көріп отырмыз. Бізге ұнады.
Бұл отбасының бұрынғы құрылғысы секундына 94 мегабит жылдамдықпен жұмыс істесе, жаңа роутердің көрсеткіші 500 мегабиттен асады. Яғни, бірнеше гаджеттің іркіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деген сөз.
Игорь Погребецкий, «Қазақтелеком» АҚ бөлшек бизнес бойынша дивизионының бас директоры:
- Биыл 300 мың роутерді ауыстыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 60 мың жаңа құрылғы орнатылды. Ал келесі жылы 580 мыңға жеткіземіз. Жалпы Wi-Fi роутерлердің бірнеше түрі бар. Қазіргі біз орнатып жатқан Wi-Fi 6 – ең жаңасы. Ол деректерді өте көп көлемде өткізе алады. Яғни, үйдегі барлық құрылғыны сапалы интернетпен қамтиды.
Сонымен қатар республикалық және облыстық жолдарды мобилді интернетпен қамту үшін 243 антенна-діңгек орнату жоспарланған. Ал 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ін, облыс орталықтарының 60%-ін 5G технологиясымен қамтамасыз ету міндеті қойылған.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов.