Шетелдік БАҚ: шолу және талдау. Қытайдың бір бала саясатының салқыны әлі басылар емес

Қытайдың бір бала саясатының салқыны әлі басылар емес, деп жазады француздық «Фигаро» басылымы. Бүгінде миллиондаған қытай қызы өздерін 30 жыл бұрын тастап кеткен биологиялық ата-анасын іздеп жүр. Басылымның арнаулы тілшісі Себастьен Фалетти мұндай ірі демографиялық тәжірибенің бұрын-соңды болмағанын жазады. Қазір Чжоунин қаласындағы «Чанлэ балалары» үкіметтік емес ұйымы ДНК мәліметтеріне сүйеніп, ажырап кеткен туыстарды қайта тауып беріп жатыр. Орталық алаңда құрылған шатырдың алдында ер адамдар кезекке тұр. Тестіден өту үшін 600 юань төлейтін олар осы деректер арқылы бір кезде бас тартқан балалары табылып қала ма деген үмітте.