Он сотық жерге онлайн өтінім. Тегін жер бәріне жете ме?

Осыдан бес күн бұрын қазақстандықтарға 10 сотық жер алу үшін онлайн кезекке тұру мүмкіндігі берілген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы уақыт ішінде 380 мыңға жуық адам өтінім жазыпты. Кезек электронды болғандықтан, техникалық ақаулар да кездесіп жатыр. Оларды реттеумен цифрлық даму министрлігі айналысады. Қазір бұдан да маңызды мәселе алаңдатады. Ол кезекке бұған дейін тұрғандарға қатысты. Мәселен, сарапшылар Алматыда 190 мың өтінімнің тағдыры белгісіз екенін айтады

8 сәуірден бастап 10 сотық жер алу үшін онлайн кезекке тұру мүмкіндігі берілді. Бүгінге дейін тұрғындардан 378 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Айта кетерлігі, бір азамат Үкімет порталы арқылы бірнеше  өңірді таңдап, жер учаскесіне өтінім бере алады. Егер бір облыстан жер бөлінсе, онда өзге өтінімдерінің күші жойылады. Бірақ тегін 10 сотық бәріне бірдей бұйыра ма? Жалпы қазақстандықтар 2004 жылдан бастап жеке баспана салуға жер кезегіне тізіле бастады. Сөйтіп 1 млн 300 мың адам жергілікті әкімдіктерге жазбаша өтініш берген. Әдетте әр өтінімді қарауға 12 жұмыс күні кететін. Оған қоса, еліміздің өзге өңірінен 10 сотық жер алу үшін сол облысқа барып, өтінім беру керек еді. Цифрландырудың көмегімен қазір бұл процесс оңтайланды.

Тек бірнеше өңірде қазір жер кезегіне тіркеу тоқтатылған. Жер ресурстарын басқару комитетінен хабарлағандай, бұл процес техникалық тұрғыдан әлі толық реттелмеді. қазір цифрлық даму министрлігі бұл мәселемен айналысып жатыр. Таяуда мәселе шешіліп, өтінімдерді онлайн жіберуге болады.  

Ал құзырлы ведомство өкілдері болса, жергілікті әкімдіктердің сұрауы бойынша үкіметтік портал қызметін іске қоспағанын айтады. Өтінімдерді қабылдамас бұрын, әкімдіктер бұған дейінгі кезектің тізімін реттеп жатқан көрінеді. Сонда дүйім жұрттың алдында он сотық жерге онлайн кезекті жарияламай тұрып, 18 жылда жасақталған ескі кезекті неге тексермеске деген сауал туындайды?  

Иә, жеке тұрғын үйге арналған жер теліміне қатысты қордаланған мәселе жетерлік. Мысалға Алматы қаласын алсақ. Мәлім болғандай, шаһардың бас жоспарында жеке үйлерді салатын аумақтар қарастырылмаған. Қазір экрандарыңызда Алматы қаласы бойынша тұрғын үй құрылысы бөлімі басшысының жер қатынасы жөніндегі сарапшы Бақытжан Базарбекке жолдаған жауапхаты ұсынылған. Онда 2006-2009 жылдары 120 мың, ал 2016 жылы тағы 70 мың адамның кезекке тұрғаны айтылады. Барлығы 190 мың өтінімнің тағдыры қазір белгісіз. Сарапшының олай деуінің салмақты себебі бар. 

Бақытжан Базарбек, жер қатынасы жөніндегі сарапшы:

Бұл кезектегілердің тізімі қайда? Алматы қаласы бойынша 190 000 адамның аты-жөні тіркелген арнайы есеп қайда? Алаңдап отырмын! Себебі бұл тізімнің бар-жоғына күмәнім бар, қателесуім де мүмкін. Өйткені хаттың соңында «Алматы қаласында жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесіне кезек жасақталмаған, ол жүргізілмейді де» деп анық айтылған. 

Расымен, сарапшының айтқаны келсе, онда іс насырға шабуы мүмкін. Өйткені Алматыда жеке үй салуға жер кезегі жүргізілмесе, демек бұл Жер кодексінің 44-1 бабы, 8-тармағына қайшы келеді.

Бұл тек Алматыға қатысты мәселе. Жалпы Қазақстанда 10 сотық жерді бөлу инфрақұрылым мәселесіне келіп тіреледі. Яғни тіршілікке қажет инженерлік желілер тартылмаған жерді мейлі ол қала болсын, ауыл болсын, әкімдіктер бере алмайды. Ол ол ма, су және электр желілерін тарту үшін жергілікті әкімдік қомақты қаржы құюы шарт. Мемлекет қазынасы мұндай шығынды көтере ала ма? Бұл өз алдына мәселе. 

2004 жылдан бері жасақталған ескі тізімге оралсақ. Мұнда да түйткіл көп. 1 млн 300 мың адамның ішінде қазір кім бар, кім жоқ? Қайсысы кезекке ерте, қайсысы кеш тұрды? Осыны анықтауда біраз уақыт пен күшті сарп ету қажет.

Ғалым Ақелеуов «Либерти» қоғамдық қорының президенті :

– Мұндағы мәселе атқарушы билік, оның ішінде әкімдер мен олардың сенімді тұлғалары мен сот билігі, прокуратураның өзара ым-жымдасуында. Бұған дейін жер мәселесі әкімдіктердің құзырында болған, осыдан жемқор шенеуніктердің тынысы ашылды. Сондықтан Президент ретінде Қ.Тоқаев осы жүгенсіздікті, оның ішінде сот жүйесі және прокуратура тарапынан болған заңсыздықтарды анықтауға саяси пәрмен беруі керек. Алдымен бәрін тазартып, реттеу қажет. Сондықтан жер учаскелерін цифрландыру мен жер реестрімен жұмыс істеу әзір ешнәрсені де шешпейді.

Анығында 1 млн 300 мың адамның бәрі жеке үй салуға жер алуы екіталай. 10 сотыққа кезекке тұрғандардың көп болса, 3 проценті мұратына жетуі мүмкін, – дейді сарапшылар.