Қазақстан тарихының көптомдығы жазылып жатыр
Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтында ғалымдармен кездесті. Жаңа академиялық басылым «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» деп аталады. Басқосуда мамандар Мемлекеттік кеңесшіні қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында заманауи ғылыми тәсілдерді қолдана отырып, Қазақстан тарихының көптомдығын дайындау туралы бастама көтерген болатын. Жиында Ерлан Қарин басылымды әзірлеу барысының аралық қорытындысын жасады. Осы ғылыми жобаны жүзеге асыру ұтымды әрі объективті көзқарастарды, барлық тарихи фактілерді, материалдар мен құжаттарды жан-жақты зерделеуді және соңғы жылдардағы ғылыми жаңалықтарды айналымға енгізуді қажет ететінін атап өтті. Бұл жобаға 5 ғылыми институт, еліміздің 250-ден және шетелдің 60-тан астам тарихшы ғалымдары жұмылдырылды. Көптомдыққа 40-тан аса археологиялық зерттеу материалдары, тарих, археология және этнография салалары бойынша 300-ге жуық еңбек енетін болады.