Қазақстан экономикасының даму қарқыны баяу
Қазақстан экономикасының даму қарқыны баяу
Халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың даму қарқыны баяулай түседі деген болжам жасады. Биыл көрсеткіш бірден 3,6% төмендеуі мүмкін. Әрине, бұл жағдай Қазақстанға да кері әсерін тигізбей қоймас. Басқаны айтпағанда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы шарықтай түседі.
Әлгінде халықаралық валюта қоры жасаған болжам жөнінде айттық қой. Ұйымның есебінше, биыл еліміздің ЖІӨ жоспардағыдан төмен болады. Қазір тиісті көрсеткіш 2% шамасында. Бірақ, жыл аяғына қарай, сәл-пәл өсім байқалады.
Сорақысы сол, инфляция ырыққа көнбей тұр. Бүгінде қымбатшылық қалтаны қақты. Күн сайын көз алдымызда баға шарықтап барады. Осы тұста дәрі-дәрмек пен қызмет көрсету саласын ысырып қойып, күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасына тоқталсақ.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары небәрі бір жылдың ішінде 20% қымбаттаған. Кейінгі 2 айдағы өсім шамамен 3-5%-ті құрайды. Алысқа бармай-ақ өткен аптаны алсақ, пияз бағасы 5%, қырыққабат – 3 жарым, сәбіз бен картоп 2%-ке артқан. Яғни небәрі 7 күннің ішінде қымбатшылық желкеден алып, қос бүйірден қысты. Астық бағасын қаншама ұстап тұрсақ та, ең көп тұтынатын бірінші сұрыптағы ұнның бағасы шарықтап кетті.
5-12 сәуір аралығында ең көп қымбаттаған азық-түлік өнімдері:
Пияз – 4,8%
Қырыққабат – 3,6%
Сәбіз – 2,6%
Картоп – 2,2%
Ұн (1-сұрып) – 2,2%
Өткен айда қанттың бірден қымбаттағаны естеріңізде болар? Тіпті, шекер іздеп, дүкендерді шарлап кеттік қой. Қазір тапшылық мәселесі шешімін тапты. Бірақ бағасы түсе қоймады. Бір жылдың ішінде өнім құны 52%-ке шарықтаған. Қант зауыттары келісін 420 теңгеден сатып жатыр. Бұған алыпсатарлардың үстінен көретін ақысын қосыңыз. Қаншама дүрліксек те, бағаны түсіру әзірге мүмкін емес. Осы тұста саланы бір кісідей білетін маманның жауабын естісек.
Айжан Наурызғалиева, Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:
– Өнімнің қымбаттауының себебі көп. Ең алдымен, биржадағы сауда-саттық қорытындысы осындай. Оған геосаяси жағдайды қосыңыз. Салдарынан тасымал қиындаған. Шикізат не қанттың өзін Қара теңіз порттарынан жеткізу үшін кеме иелері әскери сыйақы сұрайды. Оған көнбеске амал жоқ. Өйткені нарықтағы қанттың 57%-ін сырттан әкелеміз. Тамыздың соңына дейін Үкімет 350 мың тоннадай қант және қант құрағын баж салығынсыз импорттауға келісім жасады.
Иә, отандық өндіріс жанданбаса өзге елдегі ахуалға бағынышты боламыз. Ахуал демекші, Ресейдегі геосаяси жағдайдың кесірінен өткен айда елдегі инфляция көрсеткіші бірден жоғарлап кетті. 1 ай ішінде 3 % ілгерілеп, жылдық мәнде 12%-ке жетті. Қымбатшылық жайлаған аймақтардың көш басында Ақтөбе мен Түркістан облыстары тұр. Онда бір жылдың ішінде азық-түлік пен қызмет ақысы 13%-ке өскен. Ақмола облысы мен Шымкент және Алматы қалаларында да жағдай мәз емес.
Қымбатшылық жайлаған аймақтар:
Ақтөбе – 12,9%
Түркістан – 12,9%
Ақмола – 12,6%
Шымкент – 12,4%
Алматы – 12,3%.
Осы тұста экономистер инфляцияны ауыздықтау үшін тездетіп әрекет ету керектігін ескертеді. Әйтпесе, ахуал ушығып кетуі мүмкін.
Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры:
– Ресейдің Орталық банк төрайымы жақында В. Путинге бір талдамалы хат жазған екен. Онда Ресейде жылдық инфляция 70% болатындығы айтылған. Бізде 40% сауда Ресеймен ғой. Демек 70%-тің 10%-і бізге келеді деген сөз. Инфляция тағы 7%-ке шарықтайды.
Иә, инфляциямен мықтап күреспесек, жыл аяғына қарай тиісті меже 19%-ке дейін шарықтап кетуі мүмкін. Сарапшының айтқанынан түйгеніміз – осы. Әрине Үкімет бұған жеткізбес үшін кешенді жоспар түзді. Бірақ әзірге ахуал осы. Басқаны айтпағанда азық-түлікті несиеге алып күнелтіп жүргендер де бар.