Газ тапшылығы неден туындады
2024 жылға қарай газ экспорты тоқтатылуы мүмкін. Сұраныс артса да сұйық газ өндірісінің қарқыны бәсең болуы осыған түрткі болды деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.Табиғи газдан кенде емес Қазақстан не себепті бұндай түйткілге тап болды?
Сұйық газға деген сұраныс ішкі нарықта күн санап артып жатыр. Ал өңделген газ өндірісі болса, артынан ілесе алмай келеді. Бұл – газ бағасының орта есеппен 60 процентке өсуіне әкеп соқтырады. Сенаттағы үкімет отырысында депутат Ерік Сұлтанов осы мәселені көтерген еді. Құзырлы ведомство басшысының бұған қатысты айтқаны мынау болды:
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
– Қазір біз есеп-қисабын жүргізіп жатырмыз. 60% дегеніміз шамамен алынған сан. Кей санаттағы тұтынушылар үшін баға 2 есеге қымбаттауы мүмкін. Мәселен, өнеркәсіп кәсіпорындары үшін осылай қойылуы мүмкін. Ал халық үшін баға басқа болмақ. Барлығын бөліп қарастыруымыз керек. Қарапайым халық үшін газ бағасы қатты көтеріледі деп ойламаймын. Бірақ арзан өнім үнемшілдікке әкеле бермейді. Біз бұл тұжырымдаманы енді әзірлеп жатырмыз. 180 күннің ішінде ойластыруды тапсырған еді. Сондықтан әлі уақыт бар.
Министр айқындап кеткендей, экспортқа шығаратын компанияларға, ірі өндірістерге, майнерлерге газ өзіндік бағасымен сатылады. Әлеуметтік маңызы зор өнім болғандықтан, халық үшін көгілдір отын анағұрлым төмен болмақ.
2050 жылға қарай Қазақстанда газға деген сұраныс, жалпы отынға деген сұраныстың үштен бір бөлігін қамтымақ. Яғни, болжам бойынша халықтың 37%-і көмірді, 31%-і газды тұтынатын болады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл көңілге қонар болжам. Өйткені жылу орталықтары, тау кен металлургиясы газ-химиялық кешендер біртіндеп газға өтетін болады. Сонымен бірге, халықты көгілдір отынмен қамту қажеттілігі артады.
Энергетика министрі ішкі нарықты толық газбен қамтамасыз ету үшін 2024 жылға қарай оның экспорты тоқтатылады деді. Осы ретте неге деген сұрақ туындайды? Әлде газ қоры таусылды ма?
Талғат Жұмагұлов, мұнай-газ саласының сарапшысы:
– Батыстағы мұнай компаниялары бұрғылау кезінде газ кен орнын анықтаса, айналып өтіп кетуге тырысады. Өйткені ілеспе газ немесе мұнай газын өңдеу қажет. Ал ол үшін арнайы газ өңдеу зауытын салу керек. Алайда бұл шығын ескерілмейді. Яғни, компаниялар газды өзіндік құнына 10% үстеме қосып, QazaqGas-ға сатуы тиіс. Ал бұл формула мұнайшыларды еш қызықтырмайды. QazaqGas ұлттық компания ретінде құрылған екен, онда бұл істі түбегейлі қолына алуы тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, QazaqGas ұлттық компаниясы несие алып, инвестиция құйып газ өңдеу зауытын салуы керек. Өйткені газ өндірісінің әлеуеті жоғары. Сарапшы Жұмағұлов мырзаның пікірі осы.
Онсыз да мардымсыз жүргзілетін газ кенін барлау ісі егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Энерджи Аналитикстің сарапшысы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, нарықты көгілдір отынмен жарылқаудың жоспарын құрмас бұрын, ғылыми негізделген кешенді талдау жүргізген абзал.
Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласының сарапшысы:
– Макроклиматтық ахуалдың өзгеруі мен шығындарға байланысты қолда бар газ қорын бағамдау тәсілі ескіріп барады. Яғни, саланың ағымдағы жағдайын талдауға жарамсыз. Жыл сайын сараптама жүргізілмегендіктен мемлекеттің қолында шындыққа жанасатын мәлімет жоқ, ал бұл өз кезегінде болашақта дамудың болжамын жасауды қиындатады. Сала болса, қазіргі фискалды ахуалдың өзгерісі немесе реттеуге қатысты басқа мәселені зерделеу мүмкіндігінен қағылып отыр.
Болашақ перспективаға жоспар құрмаса қиын. Ал жоспардың өзін тиісті барлау-зерттеуінсіз құру көңілге қонбайды. Дегенмен нақты болмаса да жоспардың нобайы бар сыңайлы. Құзырлы ведомство елдің солтүстігі мен шығысын газдандыру үшін Ресейден құбыр тарту мүмкіндігін қарастырып отыр. Бірақ мемлекетаралық келісім туралы әңгіме қозғалған жоқ.