Интернет алаяқтық | Полиция KZ
Елімізде интернет алаяқтығының саны күрт өскен. Жыл басталғалы бері 15 мыңнан астам дерек тіркеліп отыр. Қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін ғаламтор мүмкіндігін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері өзгеріп, жаңарып келеді. Олар да уақыт талабынан қалыс қалмауда. Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, тіпті, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар.