2030 жылы студенттер саны 1 млн-ға жетеді

Алдағы жылдан бастап, еліміздің жоғары білім саласына бірқатар өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Грант бөлу жүйесі сараланған тәртіпке көшеді. Шетелдік жоғары оқу орындарының бөлімшелері ашылады. Шәкіртақы өседі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің алқа отырысында салаға қатысты тағы қандай жоспарлар айтылды? Тілші материалынан көрейік.

2030 жылы елдегі студенттер саны 1 миллионға жетеді. Бұл демографияның өсуімен байланысты. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осындай болжам айтты. Мәселен, 1991 жылы отандық 61 жоғары оқу орнында 288 мың студент білім алса, бүгінде 119 білім ордасы бар, тәлім алушылар саны 600 мыңнан асты. Ал 2025 жылға қарай студенттер саны 800 мыңнан асуы мүмкін.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Демография өсіп жатыр, ал грант құны сол қалпында қалуда. Біздің алдымызда екі күрделі мәселе тұр: ол бір жағынан жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, себебі түлектердің саны артуда. Екінші жағынан сапаны арттыру керек. Бұның барлығы түптеп келгенде гранттардың бағасына әсер етеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде қоғам құны 10 мың долларға сай білім сапасын талап еткенімен, гранттардың нақты құны 2 мың доллардан аспайды. Сол себепті білім гранттарының бағасы қайта қаралып, сараланған жүйе енгізілмек. Анағұрлым талапты түлектер құны екі есе жоғары грант иеленеді. Білім деңгейі орташа оқушылардың жартылай грант алуына мүмкіндігі болады. 

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Жоба бойынша үш түрлі грант болады. Біріншісі Дарын гранты. Бұл жақсы оқитын балалар үшін. Біздің анализ бойынша бұл 2%-ті құрайды, яғни 2000-3000 бала. Екіншісі  стандартты грант. Оның ішінде қазіргі құны мен беріліп мүмкіншіліктері болады. Ал үшіншісін қамқор грант деп айтып жатырмыз. Мұнда біз тиісті балл алмаған, негізгі грантқа кіре алмаған балаларға қосымша Президенттің тапсырмасы бойынша гранттың 50%-ын беретін боламыз, қалған 50%-ын олар өз қаражатынан төлейтін болады.

Министрлік өкілдері бүгінде мемлекеттік білім гранттарының орташа құны 1 млн теңге дейді. Болашақта «Дарын» гранты енгізілсе, ол 2-2,5 млн теңгені құрайды. «Қамқор» гранты 300-500 мың теңге шамасында болады. Сондай-ақ 2-3%-тік жеңілдетілген несие беру мәселесі пысықталуда. Ал ақылы оқу бөліміндегі бағаны нарық реттейді.

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Жоғары оқу орындары академиялық және басқарушылық дербестікке ие. Қандай да бір шешімді өздері қабылдауға құқылы, оқу бағасына қатысты да солай. Алайда біз құзырлы орган ретінде бағаны күрт өсірмеуге шақырамыз. Бірақ инфляция аясында түзетулер енгізілуі мүмкін.

2025 жылға қарай шәкіртақы мөлшері 2 есеге артады. Елімізде беделді шетелдік университеттердің 5 филиалы ашылады. 2025 жылға қарай мемлекеттен бөлінетін білім гранттары 90 мыңға жетеді. Ал соңғы жылдары сапалы біліммен қамти алмаған 16 жоғары оқу орны жабылды.

Авторлары: Рухани Асқар, Ернар Нысанбай.