«Коре ильбо» газетіне – 100 жыл
Осыған орай Алматыда Республика сарайында басылымның мерейтойы өтті.
Іс-шараға еліміздегі Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Ик мырза қатысты.
Айта кетейік, газеттің алғашқы нөмірі 1923 жылы 1 наурызда жарық көрген. Ол кезде басылым Қиыр Шығыста тұратын корейлерге арнап шығарылған болатын. 1937 жылы олардың депортациялануына байланысты редакцияның бір бөлігі Қызылордаға келіп орналасты. Сол қиын-қыстау кезеңде де басылым жұмысын тоқтатқан емес.
«Коре ильбо» қазақ тілінде корей күнделігі деген мағына береді. Қазір газет Алматы қаласынан шығады. Корей, қазақ және орыс тілінде жарық көреді. Тиражы мың дана. Басылым өз елімізбен қоса, шет жерлерге де тарайды.
Салтанатты жиында газет тарихына арналған кітап та таныстырылды.
Роман Ким, қоғам қайраткері:
- Таких газет... Мұндай газеттер бірді-екілі ғана шығар. Бір ғасырлық тарихы бар басылым. Корейлер депортацияға ұшырап, жер аударылғанда, олар киім-кешек, азық-түлік емес осы газеттің шрифтын Қазақстанға әкелген екен. Сол кезде корейлердің бірден-бір байланыс құралы осы газет болды. Тіпті символына айналды. Сондықтан, біз оны аса құрметтейміз, мақтан тұтамыз.