О. Бектенов: Оқушыларды тамақтандыру мәселесі қайта қарауды қажет етеді

Ел мектептерінде 1 млн 700 мың бала тегін ыстық тамақ ішеді. Өкінішке қарай, әлі 403 мектепте асхана жоқ. Сондықтан онда балалар ыстық тамақпен толық қамтылмаған. Үкімет басшысы Олжас Бектенов әсіресе шағын және шалғайдағы мектептерде тамақтандыру мәселесін қауіпсіз ұйымдастыру тәртібін орнату қажеттігін айтты. Яғни, тамақтану сапасын жақсарту мен азық-түлік жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру маңызды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы әкімдіктерге мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін ерекше бақылау қажеттігін айтты. Ал Денсаулық сақтау министрлігіне балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша мониторинг пен санитарлық бақылау шараларын күшейтуді тапсырды. Себебі азық-түлік қауіпсіздігі ұрпақ денсаулығына тікелей байланысты. Бұған дейін мектепте тамақтан уланып, жазатайым жағдайларға тап болғандар бар. Мәселен, биыл мектеп асханасында балалардың тамақтан улануына қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған. Премьер-министр жыл соңына дейін тамақтану стандартын қабылдауды тапсырды. «Құжат сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен жасалуы керек», – деді. Оқу-ағарту және денсаулық сақтау министрліктеріне тиісті міндет жүктелді. Олжас Бектенов қос министрлік жұмысын сынға алды.

Олжас Бектенов, ҚР  Премьер-министрі:

- Қабылданып жатқан шараларға қарамастан балаларды тамақтандыру сапасы өзекті мәселе болып қалғанын және қайта қарауды қажет етеді. Жалпы Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері тарапынан үйлестіру мен бақылау әлсіз екенін атап өтемін. Мен барлық мектеп асханаларына санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мониторинг жүргізуді, сондай-ақ персоналдың жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын, жарамдылық мерзімдері мен тамақ өнімдерін сақтау шарттарының сақталуын тексеруді тапсырған болатынмын. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тапсырманы орындау созылып кетті.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселені «майшаммен қарайтынын» айтты. Аспаздардың еңбек өтілі мен олардың біліктілігіне талап күшейеді. Мектептегі тамақтандыруға өнім берушілерді іріктеу кезіндегі талаптарды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.  Сала басшысы бұл мәселе қазір жіті пысықталып жатқанын айтты. Өткен қыркүйек-қазан айларында еліміздегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізілген. Мәселен, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті көңіл бөлінбей отырғаны анықталды.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Республикалық мониторинг қорытындысы мектептегі тамақтандыру сапасына қатысты атқарушы органдар бақылауының әлі де жеткіліксіздігін көрсетіп отыр, бұл заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де байқалып отыр. Дәлірек айтқанда, мониторинг барысында 771 бұзушылық анықталғанын атап өткім келеді.

Айта кетейік, елдегі өнімнің қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау – Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық міндеті. Әрі халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған. Министрлік бүгінгі таңда 5 мыңнан астам өнім сынамасына бақылау жүргізген. Оның ішінде 35%-нің сәйкес келмейтіні анықталды. Бақылау қорытындысы бойынша 2 тоннадан астам өнім сатылымнан алынып тасталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі импорттық өнімнің 34 өндірушісіне қатысты күшейтілген зертханалық бақылау енгізді.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі тауарлардың электрондық каталогын жаппай енгізу қажеттігін тапсырды. Тауарларды қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында жалпы сыныптама бекітілді. Ол шикізат пен өнімді сәйкестендірудің халықаралық стандарттарын қолдануға, сондай-ақ біздегі барлық каталогтерді біріктіруге бағытталған.